Жәннатқа бастайтын 18 жол

Жәннатқа бастайтын 18 жол

"Қосымша құлшылықты парыз етілгендей жаса" Әли ибн Ахмад, Хиласат әл Азар, 3/401

Бұл мақалада Жәннаттың жұпар иісін сезінгісі келетіндерге Жаратқан Алланың сүйіктісінің, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) , құнды сый ретінде қалдырып кеткен қосымша құлшылыққа қатысты он сегіз ақыл-кеңесі келтірілген.

1. Ай толғанда ораза ұстау

Абдуллах бин Әмр бин әл-Асаның (Алла оған разы болсын) сөздерінен Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені риуаят етілген: «Ай сайын үш күн ораза ұстау үздіксіз ораза ұстаумен тең». (Әл-Бұхари; Муслим).

Ибн Аббастың, Алла оларға разы болсын, былай дегені хабарланады: «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ай толған күндері үйде болсын, түзде болсын, әрдайым ораза ұстайтын» (ән-Наса'и).

Мұнда «ақ күндері» ораза ұстау деп әр айдың 13, 14, 15-ші жұлдызы жайлы айтылып тұр.

Ескертпе: Катада бин Мильханның, Алла оған разы болсын, былай дегені хабарланады: «Алла Елшісі бізге айдың он үшінші, он төртінші және он бесінші күндері ораза ұстауды әмір етті» (Әбу Дауд).

Джариир, Алла оған разы болсын, Алла Елшісінің, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) , мына сөздерін риуаят еткен: «Ай күнтізбесінің әр айының 13, 14 және 15-ші жұлдызында ораза ұстау бір жыл ораза ұстаумен парапар».

2. Тахият әл-вуду

Тахият әл-вуду – дәрет алғаннан кейін нaмaз оқу.

Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), былай дегені риуаят етілген: «Мұқият дәрет алғаннан кейін шын ықыласпен, бар ынтасымен 2 рәкағат намаз оқыған адамның Жәннатқа кіруге хақы бар».

Бірде таңертеңгілік Алла Елшісі, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), Біләлді қасына шақырып, былай сұраған: «Біләл! Менен бұрын Жәннатқа кіретіндей қандай амал жасадың? Мен қай кезде (түсімде) Жәннатқа кірсем де, алдыңғы жақтан сенің аяқ басқан дыбыстарыңды естимін. Кеше кешкісін де Жәннатқа кіргенімде тағы да алдыңғы жақтан сенің қадам басқан дыбысыңды естідім». Біләл, Алла оған разы болсын, былай деп жауап берген: «Уа, Алла Елшісі, мен азан айтқан сайын міндетті түрде екі рәкағат намаз оқимын. Дәретім бұзылғанда дереу қайта дәрет алып, екі рәкағат намаз оқуды Алланың алдындағы борышым деп санаймын». Сонда Алла Елшісі, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) , былай деп тіл қатқан: «Міне, осы екі амалыңның берекесінің арқасында!» (Тирмизи, Мәнәкиб, 17/3689; Ахмад, V, 354).

Жаратқан Раббымыздың Елшісі, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) , былай деген: «Егер кімде-кім дәрет алып болып: «Әшхаду әлля иляха илля ллаху уахдэху ля шәрийкя ляхь, уа әшхаду әннә мухаммадан абдуху уа расулюх. Аллахумма, идж'альни минәттәууәбин, уадж'альни минәл мутатаххирин», - десе, оның алдынан Жәннаттың сегіз қақпасы ашылады және ол қалаған қақпасынан кіре алады» (Муслимнің, Әбу Даудтың, Ибн Маджаның және әт-Тирмизидің жинақтарында Омардан риуаят етілген).

3. Салят әд-духа

Алла Елшісі, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), былай деген: «Егер Алланың құлы парыз емес, нәпіл намаздың он екі рәкағатын оқыса, Алла оған арнап Жәннаттан үй тұрғызады» (Муслим).
Сондай-ақ, Пайғамбардың, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), былай дегені риуаят етілген: «2 рәкағат духа намазын оқуда табандылық танытқан адамның теңіздің көбігіндей көп (кіші) күнәлары болса да, кешіріледі» (Ибн Маджа).

Бұл намаздың уақыты күн шыққаннан кейін, намаз оқу үшін мәкрүх болып саналатын уақыт аяқталған соң кіреді де, күн тас төбеге жақындағанда шығады (Бесін намазының уақытынан жиырма-қырық минут бұрын). Оны Зәуәл уақытында, яғни, Бесін намазынан бес-он минут бұрын оқып қоймаңыз.

Духа намазы таң намазынан кейінгі уақыттың ¼ өткеннен соң басталып, күн түйенің тұяғы күйетіндей биікке көтерілгенге дейін оқылады («Шарш Кабирде», Халаби, 390-бет).

4. Ишрақ намазы

Пайғамбар, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), былай деген: «Кімде-кім таң намазын жамағатпен бірге оқып, сол орнынан қозғалмастан күн шыққанға дейін зікір айтса, содан соң екі рәкағат ишрақ намазын оқыса, Қажылық пен Умра жасағандай сауапқа ие болады» (Тирмизи).

Түсініктеме:

Кем дегенде оқылуы керек болған рәкағат саны ─ екеу, кеңес етілетіні ─ төртеу (Бахисти Зевар, 30-бет).

Егерде таң намазын жамағатпен бірге оқуға мүмкіндігіңіз болмаған болса, жалғыз оқысаңыз болады. Мұндай жағдайда да дәл сондай сауапқа кенелесіз.

5. Ақшам намазынан кейін алты рәкағат

Алла Елшісі, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), былай деген: «Кімде-кім төртінші намаз ақшамнан кейін бесінші намаз Құптанның уақыты кіргенге дейін артық сөз айтпай 6 рәкағат намаз оқыса, 12 жыл ғибадат жасаған адамның сауабын алады» (Тирмизи).

Түсініктеме:

Бұл жерде «артық сөз» деп дүниеуи әңгіме жайында айтылып жатыр.

Бұл намазды екі рәкағат сүннет намаз бен намаздан соңғы зікірден кейін оқыңыз.

6. Күні бойына он екі рәкағат нәпіл намаз оқу

Алла Елшісі, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), былай деген: «Кімде-кім күніне 12 рәкағат сүннет намаз оқыса (міндетті болған парыз намаздарды қоспағанда), сол адамға Жәннаттан үй тұрғызылады» (Сахих Муслим, хадис 1691).

Әдетте осы он екі рәкағатқа күні бойы парыз намазбен бірге оқылатын сүннет намаздар жатқызылады (Таң намазына дейін екі рәкағат, Бесінге дейін төрт рәкағат, Бесіннен кейін екі рәкағат, Ақшамнан кейін екі рәкағат және Құптаннан кейін екі рәкағат). Бірақ, хадисте айтылған он екі рәкағатқа қалған нәпіл намаздарды да жатқызуға болады (мәселен: тәхәджуд, тахиятан, ишрақ және т.б.)
Пайғамбар, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), былай деген: «Алла сендерге Қажылықтың сауабымен бірдей жамағатпен оқылатын құптан намазы мен Умраның сауабымен бірдей жамағатпен оқылатын ақшам намазын сыйға тарту етпеді ме?» (Муслим).

7. Парыз намаздан кейінгі зікір.

Бірде кедей мухаджирлер Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жоқ-жітіктерге қарағанда бай мұсылмандар көбірек игі амал жасайтынын айтып шағымданған. Олар былай деген: «Байлар да дәл біз сияқты намаз оқиды, ораза ұстайды. Бірақ, олар садақа таратады. Ал, біз таратпаймыз. Сондай-ақ, олар адамдарды құлдықтан құтқарады. Ал, бұл біздің қолымыздан келмейді». Мұхаммед Пайғамбар, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) , былай деп тіл қатқан: «Қаласаңдар, сендерден бұрын өмір сүргендерді басып озып, сендерден кейін келетіндерден ілгері болудың жолын үйретейін. Сонда дәл сол амалды жасамайынша, сендерден ешкім асып түсе алмайды. Әр намаздан кейін Алланы 33 рет дәріптеп, мадақтап, ұлықтаңдар, яғни, "СубханАллах", "Уәл-хамдулиЛләһ", "уаЛлаху Акбар" сөздерін 33 реттен қайталап шығыңдар». Біршама уақыт өткеннен кейін кедей мухаджирлер Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тағы да келіп, былай деген: «Дәулетті бауырларымыз біздің жасап жүрген амалымызды естіп қойды. Енді олар да соны жасай бастады». Сонда Алла Елшісі, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) , былай деп жауап қатқан: «Бұл ─ Алланың рақымы. Алла оны қалаған адамына сыйға тартады» (Бұхари).

Ескертпе: хадистің бірнеше нұсқасы бар.

Парыз намаздармен бірге сүннет намазын оқып, содан соң зікір айтыңдар.

8. Аят әл-Курси

Алла Елшісі, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) , былай деген: «Әр намаздан кейін «аят әл Курсиді» оқыған адамның Жәннатқа кіруіне ажал ғана кедергі» (Ибн Хиббан).

9. Азаншыдан кейін азанның сөздерін қайталау

Пайғамбар, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) , былай деген: «Азаншының сөздерін шын жүрегімен қайталаған адам Жәннатқа кіреді» (Муслим).

Түсініктеме:

Азаншы азан айтқанда сөздерін қайталаған абзал. Тек қана: «Хаййя’аляс салях» және «Хаййя’аляль фалях» сөздерінен кейін «Ля хауля уа ля қууата илля биЛлях» (Алладан басқа ешқандай күш-құдірет жоқ) деу керек [Фиқһ әс-Сунна, 1-том, 99-бет].

10. Бесін намазының төрт рәкағат сүннеті

Алла Елшісі, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), былай деген: «Бесін намазының парызынан бұрын және кейін тұрақты түрде 4 рәкағат сүннет оқыған адамға Алла Тозақ отын харам етеді» (Мишкат, Тирмизи, Әбу Дауд, Насаи мен Ибн Маджа).

Түсініктеме:

Мынадай тәртіппен оқыған абзал: 4 рәкағат сүннет намаз, 4 рәкағат парыз намаз, 2 рәкағат сүннет намаз, 2 рәкағат нәпіл намаз.

11. Тәхәджуд намазы

Алла Елшісі, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) , былай деген: «Ей, адамдар, сәлем таратыңдар, (өзгелерді) тамақтандырыңдар, туысқандық қарым-қатынасты сақтаңдар және түнгі уақытта басқа адамдар ұйықтап жатқанда намаз оқыңдар, сонда жәннатқа бейбітшілікпен кіресіңдер» (Әл Хаким, Ибн Маджа мен Тирмизи).

Түсініктеме:

Егер Тәхәджуд намазын оқи алмай қалған болсаңыз, оны Духа намазының (Шамаъиль Бааб фи Ибада) уақытында оқуыңызға болады.

Тәхәджудқа тұра алмасаңыз, «Қаф» сүресінің соңғы екі аятын оқыңыз.

Өзіңіз білетін ең ұзақ сүрені оқыңыз да, сонсоң «Ихлас» сүресін оқыңыз. Үтір намазы тәхәджудтан кейін оқылады.

12. Тәсбих намазы

Имам Тирмизидің Әбу Рафи'адан, Алла оған разы болсын, риуаят еткен хадисінде былай делінген: «Алла Елшісі, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) , ағасы Аббасқа былай деді: «Уа, ағатай! Саған достық пейілмен бір кеңес айтайын ба? Саған бір жақсылық жасайын ба? Сені табысқа жеткізетін амалды көрсетейін бе?». Аббас, Алла оған разы болсын: «Иә, уа, Алла Елшісі», - деп жауап берді. Сонда Пайғамбар, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) , былай деді: «Уа, аға! Төрт рәкағат намаз оқы, әр рәкағатта «Фатиха» сүресі мен тағы бір сүрені оқы. Содан соң рукуғқа бармай тұрып, он бес рет «Алла ұлық! Барлық мақтау-мадақ Аллаға тән! Алла кемшілік атаулыдан пәк!» («Аллаху акбар! Әлхамду лиллях! Субханаллах!») деп айт. Рукуғқа барғанда мұны он рет айт. Қиямда тұрғанда он рет айт. Сәждеге барғанда он рет айт. Екі сәжденің арасында отырғанда он рет айт. Екінші рет сәждеге барғанда он рет айт. Екі сәжде жасағаннан кейін тұрмас бұрын отырып, он рет айт. Осылайша, әр рәкағатта жетпіс бес рет осындай зікір («тәсбих») айтылады, ал, төрт рәкағатта – үш жүз рет айтылады. Сонда ‘Аладж құмды тауының көлеміндей күнәң болса да, Алла сені кешіреді!» Аббас (Алла оған разы болсын) былай деді: «Уа, Алла Елшісі! Мұны күн сайын жасау кімнің қолынан келеді!» – «Күн сайын жасай алмасаң, аптасына бір рет жаса, аптасына бір рет жасай алмасаң – айына бір рет жаса…» – сөйтіп, ол: «Ең болмаса, жылына бір рет жаса», - дегенге дейін айта берді».

Алла Елшісі, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), былай деген: «Тәсбих намазы ─ Алланың ең ұлы сыйы. Сол намаздың сауабы ретінде адамның құпия немесе ашық түрде, білімсіздікпен немесе біле тұра жасағандығына қарамастан, бұрынғы және жаңа күнәларының барлығы кешіріледі. Сол себепті, тәсбих намазын күн сайын оқуға тырысыңдар, күн сайын қолдарыңнан келмесе, аптасына бір рет (жұма күні оқыған абзалырақ) немесе айына бір рет. Оған да шамаларың жетпесе, жылына бір рет оқыңдар. Ал, ең кем дегенде, тым болмаса, өмірлеріңде бір рет оқыңдар» (Әбу Дауд, ибн Маджа және Бәйхақи).

Түсініктеме:

Бұл намазды оқуға жарты сағатқа жуық уақыт кетеді. Бұл намазды апта сайын жұма күндері оқуға тырысыңыз.

Егер тәсбихті есте сақтай алатын болсаңдар, қолмен санамаңдар ("Радд әл Мухтар").

13. Екіжүзділік пен Тамұқ отынан азаттық

Пайғамбар,(оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), былай деген: «40 күн қатарынан алғашқы тәкбірге үлгеріп, намазын жамағатпен шын ықыласпен оқыған адам екі сыйға кенеледі. Біреуі — тозақтан босатылу, екіншісі — нифақтан (екіжүзділіктен) азат болу» (Тирмизи).

14. Бір қадам бір жыл құлшылыққа тең

Алла Елшісінің, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), былай дегені риуаят етілген: «Кімде-кім жұма күні жұбайының ғұсыл алуына себепкер болып, өзі де ғұсыл алып, содан соң уағыз тыңдау үшін намазға ертерек шықса және мешітке көлікпен емес, жаяу барса; содан соң имамның қасына жақын отырып, ештеңеге алаңдамай, уағызды мұқият тыңдаса, ол адамның әрбір қадамы үшін бір жыл бойы ізгі амал жасағандай сауап жазылады». (әт-Тирмизи, Ахмад).

15. Пайғамбарлардың (оларға Алланың сәлемі болсын) арасында қайта тірілу

Пайғамбар, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), былай деген: «Дәрет алған бойда «әл-Қадр» сүресін бір рет оқыған адам тақуалардың қатарында жазылады. Екі рет оқыған адам – азап шегушілердің қатарында жазылады. Үш рет оқыған адам – пайғамбарлармен бірге қайта тіріледі» (Дәйләми).

16. Тозақ отынан азат болу

Алла Елшісі, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), былай деген: «Ақшам намазын оқып болғанда: «Я, Алла, мені Оттан құтқара гөр» (Аллахумма аджирни мин әл-нар) деп жеті рет айтыңдар. Осыны айтып, сол күні түнде дүние салған адамға Тозақ отынан қорғаныш беріледі. Таң намазынан кейін осы сөзді айтып, сол күннің ішінде көз жұмған адамға тозақ отынан қорғаныш беріледі» (Әбу Дауд).

17. Қабір азабынан қорғаныш

Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені риуаят етілген: «Түнгі уақытта «Мүлк» сүресін оқыған адам қабір азабынан қорғанышта болады» (Нәсәи).
Түсініктеме:

Өзге хадистерге сәйкес, бұл сүре өзін оқыған адам кешірілмейінше оған шапағат етіп тұрады екен (Ибн Хиббан). «Ол өзін оқыған адамды Жәннатқа кіргізгенге дейін қорғап тұрды» (Фатх әл Кадира , 5/257 Сахих әл Джамиа, 1/680, Әл Әсуатта Тәбәрани).

«Әл-Мүлк» сүресін Құптан намазынан кейі оқыған абзал.

18. Зікірдің әр түрі үшін сый

Пайғамбардың, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) , сөздерінен жеткізілген: «”Радыйту биЛляхи Раббан, уа биль-ислами динән уа би-Мухаммадин расулян” (Аллаға Раббы ретінде, исламға дін ретінде және Мұахммедке елші ретінде разымын) деген адам үшін Жәннат міндетті болады» (Әбу Дауд).

Алла Елшісі, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) , мына сөздерімен бізді қуантты: «Таңертеңгі немесе кешкі уақытта: «Аллахумма, инни әсбәхту (инни әмсайту) ушхиду-кя уа ушхиду хамалята 'арши-кя, уа маляикята-кя уа джами'а хальки-кя әннә-кя Әнтә Ллаху ля иляха илля Әнтә уахда-кя ля шәрикә ля-кя, уа әннә Мухаммадан 'абду-кя уа расулю-кя», - деп төрт рет айтқан адамға Тозақ оты харам етіледі».

Төмендегі сөздерді 100 рет айтуға ештеңе тең келмейді.

Пайғамбар, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) , былай деген: «Бір күнде "Субханаллахи уа бихамдихи" деп жүз рет айтқан адамның күнәлары теңіз көбігіндей көп болса да кешіріледі» (Бұхари мен Муслим).

Сондай-ақ, басқа хадисте былай делінеді: «Қиямет Күні таңертеңгі және кешкі уақытта «Субхан Аллахи уа бихамдихи» деп жүз рет айтқан адамнан артық амалдарымен тақуа жан болмайды, осы сөздерді осыншама мәрте немесе одан да көп айтқандарды қоспағанда» (Муслим).

Зікірге небәрі үш минут уақыт кетеді.

- Төмендегі зікірді оқыған адамға Жәннат міндетті болады.

Алла Елшісінің, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) , былай дегені риуаят етілген: «Кешкі уақытта кәміл сеніммен «Аллаһуммә Әнтә Рабби, лә иләһа иллә Әнтә, халәқтәни уә әнә `абдукә, уә әнә `алә аһдикә уә уә`дикә мә-стәтағту, ә`узу бикә мин шәрри мә санә`ту, әбуу ләкә бини`мәтикә `әләййа, уә әбу-у би-занби, фәғфир ли фә иннәһу лә йағфиру-з-зунубә иллә Әнта» (Я, Аллаһ! Сен менің Раббымсың, Сенен басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ. Сен мені жараттың, ал мен Сенің құлыңмын. Meн күш-құдіретім жеткенше Саған деген уәдемді, әрі сертімді сақтаймын. Әрі жасаған істерімнің жамандығынан Өзіңе сиынамын. Маған берген нығметтеріңді мойындаймын, әрі күналарымды да мойындаймын. Мені жарылқай гөр! Шын мәнінде, Сенен өзге күнәларды жарылқаушы ешкім жоқ) деп айтып, сол түнде қайтыс болған адам Жәннатқа кіреді; ал, мұны таңертеңгі уақытта айтып, сол күні қайтыс болған адам Жәннатқа кіреді» (Бұхари).

- Басқа да зікірлер.

Пайғамбар, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), былай деген: «Мүмін ерлер мен әйелдер үшін жарылқау сұраған адамға Алла Тағала әрбір мүмін ер мен әйелдің сауабын жазады» (Тәбәрани).
«Аллахумағ фирли муслимиина уәл муслимаат уәл му’минина уәл му’минат», - деңіз.

Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадисінен риуаят етілген: «Ихлас» сүресін бір күнде екі жүз рет оқыған адамның елу жылда жасаған күнәлары өшіріледі, егер ол қарыз болмаса ғана. (Тирмизи). Дарими риуаят еткен хадисте сүрені елу рет қайталау керектігі айтылған

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі
» қазақ тілі тестілеуде_келген_сұрақтар_зерттеуші
» Наурыз мейрамы Қазақстанда жаңа форматта тойланады