алу
👈 қаріп өлшемі 👉
қосу

Шәууәл айында 6 күн ораза ұстау міндет пе?


Рамазан айының оразасынан басқа уақытта да мұсылмандар ораза тұтуға ынталандырылады. Басқа уақытта тұтылған ораза нәпіл саналып, ораза тұтқан адамға мол сауаптың жазылуы уәде етіледі.


Бірақ, жылдың бес күнінде ораза тұтудан қайтарылғанбыз. Олар: ораза айт күні, құрбан айт күні және ташриқ күндері, яғни зүл-хижжә айының 11, 12 және 13 күндері.


Жыл бойы шариғатымыз мына күндерде ораза тұтуға кеңес береді:

Аптаның дүйсенбі және бейсенбі күндері.

Айша анамыз: «Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әдетте дүйсенбі және бейсенбі күндері ораза тұтатын еді», – деген (Тирмизи). Тағы бір хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әлбетте, пенделердің амалдары дүйсенбі және бейсенбі күндері ұсынылады. Мен амалым ұсынылған кезде ораза болғанымды ұнатамын», – деген (Тирмизи).  

Арапа күні, яғни зүл-хижжә айының тоғызы.

Әбу Қатада риуаят еткен хадисте: «Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): Арапа күні тұтқан оразаның одан алдынғы жылдың және кейінгі жылдың каффараты (төлемі) болады деп үміт етемін», – деген (Тирмизи).

Жарық күндері, яғни әр айдың 13, 14 және 15 күндері.

Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әдетте сапарда жүргенде де, үйде болғанда да жарық күндері ораза тұтатын еді (Нәсаи).

Рамазан айының артынша келетін шәууәл айының да өзіне тән артықшылықтары бар. Пайғамбарымыз «Кімде-кім Рамазанды оразамен өткізіп, бұдан кейінгі шәууәл айында алты күн ораза тұтса, жыл бойы ораза тұтқанмен бірдей», – дейді (Муслим).  

Бұл ораза сауабының бір жылға пара-пар келуін былайша түсінуге болады. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Кімде-кім бір жақсылық жасаса, оған оның он есе қарымы беріледі» – деген (Әнғам:160). Ғалымдар шәууәл айындағы алты күн оразаның бір жылдық сауабын осы аятпен байланыстырады.

Сонымен қатар, шәууал айындағы оразаға қатысты мына мәселелерді де білген дұрыс:
  1. Шәууәл айының оразасы нәпіл ораза болып табылады. Яғни, мұны ұстау, ұстамау әркімнің өз еркінде, оны ұстау ешкімге міндеттелмеген.
  2. Шәууәл айының нәпіл оразасы шәууал айында ғана ұсталады. Әрі оны ораза айт күнін өткізіп, кейінгі күндері бастаған дұрыс.  
  3. Бұл оразаны шәууәл айының басында, ортасында немесе аяғында үздіксіз яки күнара тұтуға болады. Бірақ, айттың артынша кезекпен дереу бәрін ұстаған абзал.
  4. Рамазан айында қазасы болса, әуелі сол қазаны, сосын шәууәл айы оразасын тұтады. Өйткені, хадисте «Кімде-кім Рамазан айының оразасынан соң...» деген.
  5. Рамазан оразасын ұстамаған адамдарға да шәууал оразасын ұстауға болады. Алайда, рамазан айының оразасын тұту парыз екенін ұмытпау керек.
  6. Шәууал оразасы да басқа оразалар сияқты таң атқаннан бастап күн батқанға дейін жалғасады.  

Алла Тағала оразамызды қабыл алып, мол сауапқа кенелуді, жәннатқа кіруді нәсіп еткей!  

Хасан АМАНҚҰЛ,

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі 

меңгерушісінің орынбасары


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:

Қарап көріңіз 👇



Жаңалықтар:
» Шетелге шығу турларының құны бір жыл ішінде қалай өзгерді ? 19.05.2023
» Соңғы қоңырау 2023 жылы қашан болады ? 15.05.2023
» Ораза айт намазы 21 cәуірде мешіттерде оқылады. Оған қандай дайындық қажет? 19.04.2023

Пікір жазу



Келесі мақала, жүктелуде...
Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы