Қобыланды батыр
ҚОБЫЛАНДЫ БАТЫР ЖЫРЫ
Сүйіншәлі нұсқасы
...Ұйықтап жатып Құртқа түс көрді, Қиыншылық іс көрді.
Тұрып Құртқа жылады, Айтпаған нәрсе қалмады. Қайдағы нәрсе қозғалды, Көзінің жасы төгіліп.
Жағасының бауы сөгіліп, Өзінің туған анасы Ақзарбапқа барады, Барады да жылады.
Жылады да толғады:
—Бүгін түнде түс көрдім, Түсімде жаман іс көрдім. Кешегі кеткен балаңның Қанатына қаз қонып, Қайрыла алмай барады. Мұртынан мұз жауып, Бұрыла алмай барады.
Қараша таудай нас басып, Көтеріле алмай барады.
Екі көзі балаңның Жұмылыңқы көрінді. Ақша беттің ажары Құбылыңқы көрінді. Балаңның аман еместігі Мен залымға білінді.
Ақзарбап та жылады, Жылап тұрып қозғады:
—Айналайын, құлыным, Бауыр да, өкпе жұлыным, Мен де бір түс көргенмін.
Өз қолымнан балама
Бір аяқ балды бергенмін. Баламның аман емесін Мен де енді білгенмін.
Батыр аңқау, ер көдек Қобылан батыр ер еді. Ерлігінің белгісі
Қобыланның ұйықтап қалғаны Қалмақтың жері еді.
Ұйықтап жатқан Қобыланның Үстіне қалмақ келеді.
Жаңылып Қобылан тобасын, Сол себептен қалмаққа Түскен шығар шамасы.
Бұл Қобылан енді өлмейді, Өлімнің жолын көрмейді...
Байғанин нұсқасы
...Түсінде көрді білімді, Таң мезгілі уақытта Қобыландыға білінді.
Ардақтаған Хансұлу Қалың жаудың ішінде Сөндіріп жүр шылымды. Түстен қорқып түңілді, Қайтам деген Қобыланға Бұл ишарат білінді.
Аққұртқадай алғаны, Жайлап төсек салғаны, Бұл жырдың жоқ жалғаны.
Қобыланды қашан келер деп, Көңілде мүдде, арманы.
Сол түні көрген түсінде, Аққұртқа сұлу зарлады.
Зарлағанда дауысы
Ұйықтап жатқан Қобыланның Құлағына барғаны.
Ұйқыдан шошып оянып:
—Қартқожақ!—деп ақырды,
—Нұрғожа!—деп шақырды. Шақырды қырық батырды. Сескеніп түстен сасулы, Қобыланның көңілі жасулы, Батырдың өңі қашулы.
—Нұрғожа мен Қартқожақ, Бүгінгі көрген түсімде, Түсінде Қобылан қысылды, Қатты көрдім қысымды.
Алтын Қобылан мен едім, Шығармаса игі еді, Елімді шауып мысымды.
Көргенім шайтан болмаса, Қобыланды жаудан өлді деп, Берді-ау елге қысымды.
Құртқа тіккен боз ордам, Құлауыңқы көрінді.
Хансұлудай қарағым Жылауыңқы көрінді. Жылқыдағы жүйрігім Бұлауыңқы көрінді.
Жирен Қопа көлдерін Балшығы шығып, сор басып, Лайыңқы көрінді.
Бұл не болар, қырық жігіт, Құлауыңқы қаламыз, Еңіреулі ата-анамыз.
Қыпшақ деген елімде, Жылайды шулап баламыз. Ойға салып қараңыз,
Осы көрген қиын түс Қалайша деп табамыз.
Халқыма зәбір беріп жүр, Түсім шайтан болмаса, Қыпшақ қорлық көріп жүр. Көп сарықтың соңында, Әкем сорлы еріп жүр.
Алпыстан асқан Аналық Екі қабы иығында, Сорлы тезек теріп жүр.
Бейшара болған кемпір-шал Балам қашан келер деп, Ыстық жасын төгіп жүр.
Бұл не болар, қырық жігіт, Хансұлудай қарағым
Жау қоршалап қамап жүр, Зар еңіретіп сабап жүр.
Қаншадай менің халқымды Кілең иттер талап жүр.
Жамандықтан қорыңдар, Жақсылыққа жорыңдар. Жамандық болса егер де, Маңдайда қалың сорым бар. Бұл не болар, қырық жігіт, Мен түс көрдім қиядан.
Аққұртқа менің алғаным Ақ мұнара басында,
Ер Қобылан деп жылаған. Мен түстің түрін байқасам, Қалмаққа елім шабылып, Ақылы көп Аққұртқа Қалмақтан пұрсат сұраған. Елімді шауып ұрған-ды, Қас масқара қылған-ды.
Мәулет алып Аққұртқа Басын бағып тұрған-ды. Қартқожа батыр айтады:
—Нұрғожа қосшым—сен,—дейді, Қартқожақ басшың—мен,—дейді.
Қобыланның көрген бұл түсін, Нұрғожам, жорып бер,—дейді. Жақсылыққа жорыңыз, Жамандықтан қорыңыз.
Түс түлкінің боғы еді, Жақсылық айту жол,—дейді. Елін Барса шапқан соң, Сапарымыз оң,—дейді.
Нұрғожа сонда жырлайды, Қарт екеңнің айтқанын Көңілін салып тыңдайды. Тілегі бір бәрінің,
Тату досы ыңғайлы.
—Түсіңді айттың сен,—дейді, Жоримын түсті мен,—дейді. Түске жасыр болар ма,
Сіз секілді ер,—дейді. Жақсылыққа жоримын, Қобыланды, тыңдап көр,—дейді. Бүгін көрген түсіңде,
Еңсесі биік боз ордаң Құлауыңқы көрінсе, Сен кеткелі көп болды, Бұрынғыдай келетін Қатар, құрбы адам жоқ. Қарақыпшақ елінде
Бұрынғы дәуір заман жоқ. Еңсеріліп тұрғанда, Құрметтейтін ешкім жоқ Үйге келген мейманды.
Батыр Қобылан ерімсің, Бұл түсің соған көрінсін. Қайғылы болса елдерің, Қарақыпшақ халқымның Қысым болса көргенің.
Таршылықпен зарығып, Сағынған шығар елдерің.
Қобыланды атты ерімсің, Бұл түсің соған көрінсін. Еңсесі биік боз ордаң Құлауыңқы көрінсе, Жылқыдағы жүйрігің Бұлауыңқы көрінсе, Кеткеніңе көп болды, Көптен сізден шет болды. Кемпір, шалдың көңілі Сағынғаннан өрт болды, Сағыныш қайғы дерт болды. Қорғайтұғын сен кетіп,
Қайғыңмен халқың мерт болды. Қобыланды атты ерімсің,
Бұл түсің соған көрінсін. Жылқы жатқан Жирен көл Лайыңқы көрінсе, Жылқыдағы жүйрігің Бұлауыңқы көрінсе,
Жасы жеткен кемпір, шал Жылауыңқы көрінсе, Жылқышы жылқы баққан-ды, Күннің ыстық күнінде,
Көлге айдап жапқан-ды. Шөлдеп жылқы су ішіп, Қайсысы аунап жылқының Көлге түсіп жатқан-ды.
Қобыланды атты ерімсің, Бұл түсім соған көрінсін. Атаңа нәлет Алшағыр, Тура жорып берейін, Халыққа бүлік салған-ды, Біз кеткелі көп болды, Алты ай срок біткен соң, Алдап жүрген Алшағыр
Қыпшақты шауып алған-ды. Еркіндегі халықтың Қайғыға басын салған-ды.
Еңсесі биік боз орда Құлауыңқы көрінсе, Боз орданы құлатып,
Білгенін елге қылған-ды. Қыпшақ деген халықты Шауып алып ұрған-ды. Ойлаған кекті Алшағыр Қас масқара қылған-ды. Жаратпадым бұл түсті, Қобыланды, көрдің бұл істі. Біз кеткен соң Алшағыр Салған екен бүлікті.
Жаратпадым түсіңді, Қайғылы халқың күйікті, Құлазып жатса жеріңіз, Лайланса көліңіз, Шабылған қыпшақ еліңіз. Шапқан соң иесіз қалған-ды, Жылқы жайған беліңіз.
Қайғыланба, Қобыланды, Қалмаққа кетер деймісің. Көрген зәбір, кегіңіз.
Сабыр ет, батыр, өзіңіз, Сексеннен асқан Тоқтарбай Жасы жеткен бабаңыз,
Ақ таяғын қолға алса, Қой соңында сорлы шал Жалғызым деп зарланса, Елін қалмақ шапқаны.
Қу таяқты қолға алып, Әкең сарық баққаны. Өзіміз аман қайтқан соң, Уайым етіп саспалы.
Бұл арадан аман-сау Жатырмыз елге қайтқалы. Өз еркінде болған соң, Қаны қара Алшағыр Мақсатына жеткені.
Кемпір менен шалыңа Қатты қысым еткені, Қорлығы жаудың өткені. Қатты қысым тәртіппен, Тезек теріп, жүн түтіп, Бейнет шығар шеккені. Бұл қорлыққа шыдамай, Көзінің жасын төккені.
Бір жыл болды, Қобыланды, Біз халықтан кеткелі.
Шулап қыпшақ жыласа, Қайрылмай кеткен халқыңа, Қыпшағың сізге өкпелі.
Қол жеткенге әл жеткен, Халқыңа жаудың өктемі. Қобыланды атты ерімсің, Бұл түсің соған көрінсін. Хансұлудай баланы Жетпіс қалмақ қамаса, Он шыбық ұрып сабаса, Қалмақ биік, көп халық, Қыпшақ жаудан аласа.
Өзің сына, шырағым, Қобыланды батыр, мұнымды. Хансұлудай баланың
Өсірдің сипап тұлымын. Көрген түсің шын болса, Қарақыпшақ бүлінді.
Қобыланды жаудан өлді деп, Ата менен анаңыз
Құртқа менен Хансұлу Отыз төре, қырық бегі Сөндірген болар шылымын. Сөнбей қалса бір шылым, Шыбық соғып айыпқа, Алған шығар тынымын.
Осы түстен сынаймын, Жаудың салған бүлігін.
Отыз төре, қырық бегі Хансұлуды қамаған. Алтын тарақ қолында, Жібектей шашын тараған. Салтанатты Хансұлу, Алған болар бұл қалмақ Зәбірін көрген баладан.
Түсіңнің түрі тым жаман, Дәлеліменен нашарға Айыптап шыбық сабаған. Қобыланды атты ерімсің, Түс жорыған жерімсің.
Ауызға толы сөзімсің, Кегің кетер деймісің, Кек алатын өзіңсің.
Қисық жауды түзетер, Жауға құрған тезімсің. Қобыланды атты ерімсің, Бұл түсің соған көрінсін. Қыз жолдасы қасында, Қобыланды арнап түс көрсең Аққұртқадай асылға.
Алғаным деп жыласа, Алтын сырлы орданы, Ақ мұнара басынан, Ойлап амал тапқан-ды. Ұлықсат алып патшадан, Өзін таза баққан-ды.
Қыпшақтың қызы жолдасы Досым аман келер деп, Сауықпенен жатқан-ды.
Келеріңді білген-ді, Ишарат көріп түйген-ді. Кеткеніңе көп болды, Сағынып Құртқа жүрген-ді. Ару Құртқа айлалы,
Амал, тәсіл сайлады.
Көрген түстен меңзеймін, Төрт айға деп қалмақтан Алдап рұқсат алған-ды. Жорудың жоқ жалғаны, Ақылы артық Аққұртқаң Алшағырды арбады, Амалға ақыл жалғады.
Сен келгенше Құртқаның Көңілінде көп арманы.
Ақылды Құртқа ойлады, Көрген түстен сынасам, Өзі түгіл Құртқажан
Қыпшақтың қызын қорғады. Өзің аман қайтқан соң, Қосылар күнің болғаны.
Халқыңның болмас арманы, Жорудың жоқ жалғаны.
Қысым беріп халқыңа, Ханның тәртіп салғаны. Қобыланды, өзің ойлап көр, Жорудың бар ма жалғаны. Жорып бердім түсіңді,
Енді жолдан қалмалы.
Алшағырдың Ақсары Ұйықтап жатып түс көрді, Түсінде көрді төрт бөрі: Қабағы қалың қас бөрі, Шолақ құйрық ақ бөрі, Азуы шыққан жас бөрі, Салаң құйрық көк бөрі.
Ел шетіне келді ғой, Есебі жоқ көп қойға Келе қырғын берді ғой. Ойда жатқан отыз қой, Ойды шауып жойды ғой.
Қырда тұрған қырық қой, Қына қырғын берді ғой.
Қой ішінде бес қошқар, Бес қошқардың ішінде
Шығыршық мүйіз көк қошқар, Таңнан тартып жойды ғой, Шикі майға тойды ғой.
Алты бірдей ақ қозы, Алтауы да жас қозы, Жас сырбазды жеді ғой, Тісіне жұмсақ тиді ғой. Қой ішінде көп саулық, Көп саулықтың ішінде Ең көсемі көк саулық Қарынынан жарды ғой. Ақсары атты бәйбішең Осы түсті көрген соң Ақылынан танды ғой.
—Патшам, есім ауды ғой, Осы түстің бәрі рас, Төбеден жасыл жауды ғой. Сонда Алшағыр сөйлейді:
—Қобыланды келер деймісің, Уайым айтқан нең,—дейді.
Атаң әйел, нашарсың, Ақылың сенің кем,—дейді. Өлгеніне Қобыланның
Осы биыл жыл толды, Өлгені Қобылан шын болды. Хан Барсаның елінде
Сүйегі Қобылан күл болды. Лайықты Аққұртқа Алатын күнім таянды.
Күндестікпен айтқасын Ниетің сенің арам-ды. Ақсары сонда сөйлейді:
—Ей, бейшара Алшағыр, Сөзіме құлақ сал, Шағыр. Айтқаныма нан, Шағыр. Көрген түстің бәрі рас,
Ертең тарлық бар, Шағыр. Қобыланды сізге келмесін, Шаһарыңды сырттан көрмесін. Ер Қобыланның білгенмін
Хан Барсадан өлмесін. Бұзған шығар Барсаның Берік салған ордасын.
Қуаныш шығар көңілі, Ер Барсаны жойған соң. Көргенім бекер болмаса, Жау кеңсеңе төніп тұр. Ақсары атты бәйбішең Түспен көріп, біліп тұр.
Жолда жатқан сансыз қой Көп қалмағың болмасын. Ойда тұрған отыз қой Отыз төрең болмасын.
Қырда тұрған қырық қой Қырық бегің болмасын. Бәрін қырып, жоймасын, Бегілеріңді соймасын, Ерлердің көзін оймасын. Қобылан келмей тұрғанда, Неге өлмедім сор басым.
Қой ішінде бес қошқар Бес тумаңыз болмасын.
Шығыршық мүйіз көк қошқар Тап өзіңіз болмасын.
Қой ішінде көп саулық Қой бастаған көк саулық, Біз пақырың болмасын.
Алтауын қырып-жоймасын, Жас сырбазға тоймасын.
Түстің түрі тым жаман, Бұл айтқаным болмасын. Қорқынышпен айтамын, Бұл жоруым болмасын...
Ержан Ешімов нұсқасы
...Шәріде түс көреді ханның қызы, Бетіне шаң тимеген жалғыз қызы. Қыздардың жауы дағы, дұшпаны да, Жеңгесі сезсе керек барлық мұны.
—Ау, жеңеше, көрдім түс, Өзіме жеңіл, жұртқа ауыр. Бүгін таңның алдында, Орнаған екен бір дәуір.
Тау домалап, су көшіп, Соққан екен бір дауыл. Өте қатты қаһары,
Бір бұлттың жаман заһары. Қанаты жауып шаһарды, Бұлт айналды қаһарлы.
Тыңдамай тасты, тауды да,
Борады да жауды да, Кіргізді-ау деймін әкемді Көп кешікпей қауымына. Тас төбемнен ілді де,
Мені де тартты бауырына.
Дәл бабамның қатары, Ала бурыл сақалы.
Қобаған мұрын, қой көзді, Ауыр лебіз, шын сөзді, Түсі суық кісі екен.
Болат тұмсық, мұз қанат, Ақ төсті қыран құс екен. Осыны көрген мезгілім,
Таң атқан таңның тұсы екен.
Бикештің түсін жеңгесінің жоруы:
—Ойпырмай, ойда жоқ жау келер деймін, Жауындай елдің терін төгер деймін.
Тау бөктеріп, су кешкен секілденіп, Ерлерім көп миқанат көрер деймін.
Бүркіттей бөрілерді желкелейтін, Бір дұшпан келе ме елге еркелейтін. Аяғы ақырында саған тиіп,
Сен дағы қуанасың-ау бір бай сүйіп. Түсіңді біздің жору осылайша,
Білмеймін артық-кемін әлдеқанша,—деп түсті жору аяқталады...
* * *
...Қыз Құртқа тәтті ұйқыда көріпті түс, Түсінде таңғажайып білінген іс.
Ысқырып бір айдаһар кәрін шашып, Шүйлікті бір ақ иық ұшырасып.
Сол кезде ел ұстаған қызыл ерді, Қақтырмай қанатымен қалды басып. Ойбайлап төсегінен қыз оянды, Анасы «не болды» деп жетіп барды.
—Ау, ана, бір түс көрдім, келді жылан, Көзімді аштырмады басқан тұман.
Бір бүркіт көктен келіп шүйліккенде, Кез болды жан қалмайтын зәрлі мұнан.
Кәпірден у-шу болып, жер күңіренген, Білімді тамашалы үлкен ұран.
Шаңдағын бұрқыратқан түсті маған, Қызыл ер қанатында шықпай қалған. Бұл түсті адамға айтып керегі жоқ, Жорып көр неғыл десең, қымбатты анам.
Анасының түсті жоруы:
—Шығар ма дұшпаның көп мың сан, балам, Ақиқат менен адал тусаң, балам.
Ертеде көп миханат көріп едім,
Мен сорлы жаугершілікке еніп едім.
Сорлы әкең бір мезгілде жауда кетіп, Айрылмай қосымнан еріп едім.
Тоқтарбай жаумен келген қара қыпшақ, Сол елдің дәмін татып көріп едім.
Қараспан жау мекені қалың елде, Перзентті сендей анық көріп едім. Қанды бет бидай өңді толық едім, Әркімді құмарттырған сорлы едім.
Тоқтардың сүйген жаны Аналықпен Жүктімде жөргек құда болып едім. Атыңды Құртқа деген Тоқтар қойған, Қалмайтын күйеуім бар өлмей ойдан.
Тоқтардың жалғызы еді еткен жарық, Жолдасың құдай қосса батыр Қобылан. Тап соған миясар тұр осы түсің, Келтірсін игілікті ақтың ісін.
Қобыланға сені қоссам, арманым жоқ, Берілген асыл уәде Құдай үшін.
Ер жетіп, есін біліп, сені іздесе, Алсын-ақ аманатын соның үшін.
Қобыланға Құдай беріп сені қоссам, Сол күні орындалар сүт пен күшім. Ал балам, бұл жүргенге әуре болма,
Жасыңнан қайыр болса қарғылы ісің...
Айса Байтабынұлы нұсқасы
...Қыдырбай түсті көреді. Құлтай құлға келеді, Еңіреп қоя береді.
Қыдырбай сонда не деді:
—Әй, құрдасжан, құрдасжан, Менің де көрген түсім бар, Түсімде көрген ісім бар.
Ақмаңдайым келіп жүр, Бір жолбарыс, бір сұңқар
Емшегін Ақмаңдайдың еміп жүр. Үйімнің оң жағына қарасам,
Ер қаруы—бес қару, Босағама ілінді, Құлаған жүгім жиылды.
Шаңырағымда төрт бүркіт көрінді, Бұл не болар, құрдасжан?!
Сонда Құлтай сөйледі:
—Бұл түсіңді жориын, Шамам келсе қориын. Тілегің Құдай бергені, Көзіңнің жасын көргені. Ақсұңқар мен жолбарыс— Ұл мен қыздың болғаны.
Төбеңдегі төрт бүркіт— Тумай тұрып балаңның Әруағының қонғаны...
* * *
...Қобыланның қарындасы Аққолаң Жатыр еді ұйықтап,
Ұйықтап жатып түс көрді. Түсінде әжептәуір іс көрді, Көтеріп басын алады, Кемпірге қарай толғады, Толғаудың басын қозғады:
—Келмейді жаңғыз адам-ай, Жаңғызым еске түскенде, Күйемін де жанамын, Байқадың ба, анам-ай.
Менің көрген түсімде, Түсімде көрген ісімде,
Құбладан қара дауыл қаптады, Бөтенді Құдай сақтады.
Ұзын арқан таққанмын, Жуан қазық қаққанмын. Арқаным қалды үзіліп, Қазығым қалды омырылып, Үлкен үй қалды жығылып. Шаңырақ сынды үзіліп, Саба қалды тілініп, Керегеге ілініп.
Тоғайдан қашқан түлкіні Қара төбет алып жүр, Бұлқылдатып шалып жүр. Сонда кемпір сөйледі, Сөйлегенде не деді:
—Бұл түсіңді жориын, Жақсылыққа қориын. Құбладан қара қаптаса, Көкеңнің үйге келгені, Тілекті Құдай бергені. Ауылдың үсті шаң болып, Үлкен жиын той болып, Қара дауыл дегенің—
Жұрттың бәрі қаптай шапқаны. Қазық қақтым дегенің— Жеңешеңді алғаны.
Ер қазығы әйел ғой, Арқандалып қалғаны. Арқан қалса үзіліп, Қазық қалса омырылып, Тентек неме есер, Келіншек көргенде,
Кеткені ғой қызығып. Тоғайдан қашқан түлкіні Қара төбет алғаны, Қызыл түлкі дегенің— Аққұртқаның болғаны. Қара төбет дегенің— Қалашының итіндей Көкең болғаны, Жеңешеңді алғаны...
Ережеп Тілеумағамбетұлы нұсқасы
...Қыдырбай сонда сөйлейді, Сөйлегенде не дейді:
—Бүгін мен бір түс көрдім, Түсімде қандай іс көрдім? Бірі лашын, бір бүркіт, Қолыма қонған құс көрдім. Көлденең жатқан су Жайық, Суға жүзген қу қайық, Қамалап келіп қасыма, Батасын берді қол жайып.
Айтпаймын сөздің қатасын, Түзей ме деп ойлаймын Қыдырбай шалдың сапасын. Көрдім тағы түсімде
Биік ағаш шақасын. Тауып алдым сол жерден Оңқай майлы қошқардың Қорғасын құйған сақасын. Бірі лашын, бір бүркіт Қолымда тұрып талпынды, Талпынып тұрып жемседі. Жер жүзіне көз салып,
Қанатты қағып шарқ ұрды. Судағы жүзген суыр мен
Киік пенен құландар, Қасқыр, түлкі, жыландар— Бәрі келіп жиылды.
Бес жыланды бір жеді, Алты бөріні жайратып, Аспанға қарап шарлады. Кетіп едім сандалып, Әуре болып тіл алмай.
Өзің ойлап білмесең, Әуре болдым, кемпірім, Тірідей жерге кіре алмай. Сонда кемпір сөйледі:
—Айналайын үй кісім,
Оңға айланған екен бұл түсің. Үңіліп едім жолыма,
Бірі лашын, бір бүркіт— Екеуі қонса қолыңа, Түсің жақсы ұқсайды,
Бір нәрсе тап болмаса сорыңа. Бірі лашын, бір бүркіт— Екеуі қонса қолыңа,
Екі перзент көрерсің, Көріп дәурен сүрерсің. Балаң атқа мінгенсін, Беліне қару ілгенсін, Дұшпанға табан тірерсің. Өртеніп күйіп жанарсың, Қолыңда бүркіт не болар, Абайлаймысың шамасын? Қолыңда бүркіт желіксе, Қанатын қағып желіксе, Суда жүрген суыр менен Тоғайда жүрген бұландар, Қасқыр менен жыландар, Бәрі келсе қасыңа—
Ол балаңның соңында Жүрген жаман адамдар, Бәрін де жеңіп тамамдар.
Алты бөріні бір жесе, Алты шері қалмақтың Қаласын шауып келтірер. Бес жыланды бір жесе, Бес ханменен қас болып, Бәрін қоймай өлтірер...
* * *
...Сол күні Алшағырдың бәйбішесі Қобыланның қалаға келгенін біліп түс көреді екен. Алшағырдың алты баласы бар екен, соған көрген түсін шешесі айтып тұрған екен:
—Әй, балдарым, түс көрдім, Түсімде жаман іс көрдім.
Күндізім болды қараңғы, Көрмедім шыққан күнімді, Түспенен шықтым түнімді, Көзім таң мезгілінде ғана ілінді. Ортасынан қасқайып,
Қақ маңдайым тілінді. Есіктен кіріп келді де, Кесіп алып жоқ етті Сөйлеген қызыл тілімді, Өшірді сөйтіп үнімді.
Және бір көрген түсіміз,
Бір қабағы қалың қара үлек, Қаладан асып төбесі,
Бізге асып қарады. Қорыққанынан жүрегім Әлі лүпілдеп барады.
Бұл бір ақыл ой екен, Қаланың іші қой екен,
Қойға бір көк жолбөрі кіріп жүр, Бүліктіріп қырып жүр.
Қырық еркек қойым бар екен, Бұған да тамам барып жүр, Бұны өлтіріп салып жүр.
Алты бағлан қозым бар екен,
Алты жерде жарып жүр.
Ай мүйізді ақ қошқарым бар еді, Оған дағы барып жүр, Тамағынан шалып жүр.
Жабағысыз көк саулық— Бұл елеусіз қалып жүр.
Шешең түсті көріп жүр, Бір жығылып тұрып жүр. Бұл түсім шайтан болмаса, Елімде дұшпан толып жүр.
Баласы сонда сөйледі, Сөйлегенде не дейді:
—Әй, анамыз, анамыз, Біз де сенің балаңыз, Бұл сөзіме қараңыз.
Мен түсіңді білмеймін, Аман болар қалаңыз, Ашылмағай арамыз.
Аққұртқаны атам алар деп, Ортаға төсек салар деп, Күндестігі құрысын, Қадірсіз басым болар деп. Өтірік түсті көргенің, Өтірік айтып жүргенің, Осы ма сенің білгенің, Жақсы емес пе өлгенің?!
Бұл түсіңе нанбаймын, Сөзіңе құлақ салмаймын, Сөзіңді қабыл алмаймын.
Сонда анасы сөйлейді, Сөйлегенде бүй дейді:
—Жалған айтар мен емес, Мені қылма келемеж.
Қобылан келсе үстіңе, Сенен қорқар ер емес. Бұл айтқаным болмасын, Ісімді Құдай қолдасын.
Қабағы қалың қара үлек—
Қара қыпшақ Қобыланның Әруағы болмасын.
Тас қараңғы күн болып, Һәркім білмес жол басын. Қаланың іші қой дегенім— Көп аламан болмасын.
Қойға тиген көк бөрі, Қобыланды батыр болмасын, Бүліктіріп қырмасын.
Келе салып Қобыланды ер Ақырзаман салмасын.
Қырық еркек қой дегенім— Атаңыздың қасында Қырық уәзір болмасын, Қырық жерде қырмасын.
Алты бағлан қозы дегенім— Алты балам болмасын, Алты жерде жармасын.
Ай мүйізді ақ қошқар дегенім— Тақта атаң болмасын,
Тақ үстінен тайратып, Нар бурадай жайратып, Кәллесін кесіп алмасын,
Бұл айтқаным болмасын,—деп, Түсін айтып болады, Тыңдалмай сөзі қалады...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?