Жаһанша

 Жаһанша

Бар екен де, жоқ екен, аш екен де, тоқ екен. Ертегім ертек екен, ешкілері бөрте екен, қырғауылы қызыл екен, құйрық жүні ұзын екен, мұзға мінген екен, бұты тоңған екен. Өткен заманда бір патша болыпты. Оның баласы болмаған екен.

Бір күні уайымдап отырғанда уәзірі келіп:

— Ей, патша, неге қапа боласыз? – депті.

Сонда патша айтыпты:

— Балам жоқ, оны өзің де білесің. Мен өліп кетсем менің орныма әлдекім ие болады, – дегенде уәзірі бір кітапқа қарап айтыпты:

— Сіздің қатыныңыз жүкті, тоғыз ай, тоғыз күн дегенде бір ұл туады. Ол ұлыңыздың атын Жаһанша қоясыз, – депті. Айтқанындай, тоғыз ай, тоғыз күн дегенде бала тауыпты. Баласы Жақанша бір күнде бірге, екі күнде екіге, үш күнде үшке, сегіз күнде сегізге келіпті. Жаһаншаны молдаға беріпті. Бір айда «Әптиекті» таусыпты. Он төртке келгенде құранды жаттапты. Одан соң аңшылыққа үйретіпті. Он тоғызға келгенде жұртты жинап той қылып, өзінің орнына патша қылыпты. Бір күні Жаһанша қырық уәзірімен аңға шығыпты. Ештеңе ата алмастан қайтып келе жатса, үсті-басы қоңыраулы бір алтын киік жолығыпты. Оны қырық уәзірімен қамалап тұрып, Жаһанша айтыпты:

— Ал енді осы киік кімнің үстінен қарғып кетсе, сол адам өзі барып ұстап алады, – депті.

Киік Жаһаншаның айтқан сөзіне түсініп, Жаһаншаның өзінің үстінен қарғып кетіпті. Сонда Жаһанша айтқан сертімнен таймайын деп, артынан қуалап кетіпті. Ол киік бір дарияға қарсы ұшырап, дариядан жүзіп өтіп кетіпті. Жаһанша не қыларын білмей алаңдап тұрса, бір балықшының қайығы тұр екен, қайықты алып мінейін деп жатқанда алты уәзірі артынан келіпті. Жаһанша қайыққа отыра бергенде алты уәзірі бірге мініп жүре береді. Дарияның арғы жағына өтіп, жан-жағына қараса, киік шаршап, тілін салақтатып жатыр екен. Жаһанша барып қылышпен салып қалып, ортасынан қақ бөліп, киікті алып, қайыққа салып дарияның ортасына келгенде жаңбыр жауып, дария тасып, қайығымен ағып кете барыпты. Алыстан бір тау көріпті. Қасына жақындап, сол жерге түсіпті дағы, екі уәзірін жіберіпті, «барып қара не бар» деп. Уәзірі барып қараса, әр түрлі жемістер көп екен. Жемістен біреуін алып жатқанда жарты басты адам көріпті. Ол адам өзінің тілінше бақырып сөйлепті. Біраздың арасында жарты басты адам көбейіп кетіпті де, бұларға тас ата бастапты. Бұлар қайығына мініп қаша беріпті. Қашып бара жатқанда тағы бір тау көріпті. Ол таудың төбесінде бір алтын қорған көріпті. Сол жерге түсе сала бұлар қорғанға кіріпті. Кіріп қараса, бір патшаның тағы көрінеді. Бұлар шаршап келіп сол жерге ұйықтап қалыпты.

Бір мезгілде оянса, жан-жағының бәрі қоянға толып қалыпты. Бұлар таң қалыпты. Бір қоян келіп айтыпты:

— Біздің патшамыз жоқ. Сендерді жібермейміз. Бізге патша боласындар! – депті. Бұлар «болайық» депті.

Қояндарға патша болып жүре береді. Бір күні аңға шықпақшы болыпты. Аңға шығып бір тоғайға келіпті. Ол тоғайдағы үлкен аңдар ұмтыла бергенде мылтығымен басып салыпты. Аңдардың өлгені өліп, қалғаны қашып кетіпті. Бір жерде жазуы бар үлкен тас көріпті. Оқып қараса: «Күншығысқа барсаң үлкен аңдар көп, солтүстікке барсаң диюлар көп, күнбатысқа барсаң үлкендігі қояндай құмырысқалар көп. Оңтүстікке барсаң жезтырнақ сияқтылар көп», – депті. Бұлар аң-таң болып ойланыпты.

Уәзірлері айтыпты:

— Төрт жағымыздың төртеуі де зиянды нәрсе екен. Енді тездетіп қашпасақ болмайды, – депті. Жаһанша айтыпты:

— Күнбатысқа қашсақ, құтылармыз, – депті. Сол күні Жақаншалар арақты көбейтіп қояндарды әбден мас қылыпты дағы, жетеуі жақсы жеті атқа мініп қашыпты. Күндік жерге барғанда қояндар артынан біліп қалып қуыпты. Жаһаншалар бір төбеге шығып қараса, қояндар мен құмырсқалар ұрысып жатыр екен.

Бұлар «пәледен құтылдық па» деп, кете беріпті. Сөйтіп келе жатқанда алты уәзірдің аты болдырып арам өліп, өздері аштан өліпті. Жаһаншаның жалғыз өзі қалыпты. Ақырында Жаһаншаның аты да өліп, қара басы қалыпты. Біраз жүрген соң алдынан дария шығыпты. Дарияның арғы жағынан бір қала көріпті. Жаһанша дариядан жүзіп өтпекші болып шешініп жатқанында, тұрып бір адам айқайлап сөйлепті. «Бұл дариядан жүзіп өте алмайсың. Ертен суы құриды, ертең өт», – депті. Оның айтқан тілін алып сол жерде жатыпты. Ертеңіне оянып қараса, суы құрып қалыпты. Дариядан өтіп қалаға барады. Барса адамдарының жартысы қатып қалыпты. Жаһанша бір адамнан сұрапты:

— Адамдарыңның жартысы неге қатып қалған? Дария бір күн ағып, бір күн ақпайтыны несі? – депті. Сонда әлгі адам айтыпты:

— Кесірлер күнде балық аулай берді. Жұма күні балық аулама десе де, тыңдамай аулай берді. Содан кейін суы бір күн құрып, бір күн ағып, адамы бір күн қатып, бір тіріліп жүретін болған, – дейді.

Жаһанша сүрапты:

— Мен бұл жерде күн көре аламын ба? – депті.

— Күн көре аласың.

— Базар қашан болады? – депті.

— Базар ертең болады, – депті.

Жаһанша ертеңіне базарға барып отырса, біреу жар шақырып жүр: «Бір сағат жұмысымды істеген адамды қырық күн бағамын, қырық күн алтын беремін», – деп. Жұрт сенбепті, сенсе де бармапты.

Жаһанша:

— Мен істеймін! – депті. «Жүре ғой, балам», – деп алып кетіпті. Кіріп барса, бір патша отыр, бір жағында қызы, бір жағында келіні.

— Келе ғой, балам, мүсәпір екенсің, – деп, қасына отырғызып Жаһаншаға ауқат беріп қарнын тоқтап, үстін тазалап киім киіндіріп, қырық күн бағыпты. Күні біткен соң: «Балам, енді бір сағаттық жұмысыңды істе», – депті.

Жақанша:

— Болады, істейін, – депті.

Жаһаншаға бір ат мінгізіп, патшаның өзі бір ат мініп, уәзірі бір ат мініп жылқыны сойып алып, бір таудың етегіне келіпті. Жаңағы жылқының сойған терісін көрсетіп, Жаһаншаға айтыпты:

— Сен осының ішіне кіріп жат, не білсең, не түс көрсең маған айтасың, – депті.

— Болады! – деп, ішіне кіріп жатыпты. Бір нәрсе көтеріп тастағандай болыпты. Жаһанша басын шығарып қараса, таудың төбесіне құстар шығарып тастапты. Жаһанша патшаға айтыпты:

«Енді мен қайтіп түсемін?» – депті. Сонда патша айтыпты:

— Сен таудағы тасты бері тастай бер, – депті. Жақанша әбден тастап болған соң, «болды» деп, түйеге артып алыпты. «Енді сені біз түсірмейміз, сол жерде қаласың», – депті. Патша таудың басынан алтын түсіретін мысты алып кетеді екен. Жаһанша жылап тауды кезіп қараса, жан-жағында өліп жатқан адамдардан басқа еш нәрсе көрмепті. Жаһанша жылап бір жерде ұйықтап қалса, түсінде біреу келіп айтыпты:

— Он жағыңа қарай домаласаң, құтылып кетесің! – депті. Жаһанша оянып, оң жағына қарай домалапты. Домалап жерге түскен соң қол-аяғы шыққан, жарылған Жаһанша жылап әрең келе жатса, бір құдық кез келіпті. Ол құдыққа шомылыпты. Үсті-басының бәрі – шыққан, жарылған жері жазылып баяғыдай болыпты. Жаһанша жүріп барып қорғанның ішіне кіріп қараса, құстың патшасы отыр дейді. Бас жағы адамның басына ұқсапты, аяқ жағы құсқа ұқсапты. Құстың патшасы айтыпты:

— Балам, сені жел ұшырып келді ме, су ағызып келді ме? – депті. Жаһанша басынан өткенінің бәрін айтып беріпті. Құстың патшасы айтыпты:

— Әйтпесе, мен сені ертең бір құсқа мінгізіп еліңе жіберейін, – депті. Жаһанша қуанып: «Жарайды», – депті.

Бір құс патшасына қағаз алып кеп беріпті. Қағазды оқып қарап патша:

— Менің ағам той қылмақшы екен. Мені соған шақырыпты. Саған қырық сарайдың кілтін беріп кетемін. Қайсысын қаласаң сонысын ашып тамаша қылып жүрерсің, – депті.

— Мен үш күнде келемін, отыз тоғызын аш, артындағы біреуін ашпа. Ашсаң басың пәлеге қалады, – депті.

«Сарайдың бәрін ашып тамаша қылып жүр деп, ал мына сарайды неге ашпа деді екен?» – деп ойлапты Жаһанша. «Соны бір ашып көрейін», – деп ашса, бір үлкен су, бір жағында тақ, бір жағында алтын шылапшын, бір алтын шөміш тұр. Жаһанша жасырынып жатыпты. Бір кезде үш құс келіпті.

Үлкені айтыпты:

— Адам исі шығады, – депті.

Ортаншысы айтыпты:

— Рас, апа, шығады, – депті.

Кішкенесі айтыпты:

— Шықса не қылады дейсің, – депті.

Үшеуі үш сілкініп, үш қыз болыпты. Суға түсіпті. Жаһанша қыздарды көріп талып қалыпты. Үш күн өткен соң құстың патшасы келіпті. Келіп сарайдың бәрін қарапты, таба алмапты. Сол сарайда шығар деп, ашып қараса, аузынан ақ көбігі ағып жатыр дейді. Тезден оны аузына су тамызып тірілтіп алыпты.

Жаһанша айтыпты:

— Маған сол қыздардың кішкенесін алып бересіз, – депті. Патша айтыпты:

— Ол қыздар жылында бір рет келіп, шомылып кетеді. Олар «пері» болады. Сен оны аламын десең аңдып жатасың, ендігі келгенінде кішкенесінің киімін киіп алып, жалынса да бермейсің, – депті.

Жаһанша: «Болады», – деп аңдыпты. Екінші жылы үшеуі және келіпті. Және үлкені айтыпты:

— Адам иісі келеді, – депті.

Ортаншысы: «Рас айтасыз». Кішкенесі: «Не қылады дейсің?» – депті. Үшеуі үш сілкініп суға түсіпті. Кішкенесінің киімін киіп алып бермепті. Екеуі таласып тұрғанда перінің екі апасы ұшып кетіпті. Патша келіпті. Патшаға қыз жалыныпты. Патша:

— Болмайды, екеуіңді қосып қоямыз, – депті.

— Болады,— деп көніпті.

Патша Жаһаншаның өзін шақырып алып айтыпты.

— Сен мына киімді қашан бір бала туғанша бермегін,— деп. Патша бір үлкен қүсты шақырып алып айтады:

— Мына екеуін еліне алып барып тастайсың. Үстіне мінгізіп алып, еліне алып барып тастап, құс қайтып кетеді. Екеуі атасының тағына барады. Атасы қуанып: «Балам келді»,— деп елін жиып, той қылыпты. Бір күндері Жаһанша өз киімін киіп, кыздың киімін бір темір сандыққа салып қойыпты. Бір күні қыз үйді сыпырып жүргенде киімінің исін біліпті. Сандықта екенін біліп, сандықты аяғымен бір теуіп бұзып, киімін киіп, бір сілкініп құс болып, үйдің төбесіне шығып, Жаһаншаны күтіп отырыпты. Бір мезгілде Жаһанша келіпті.

— Жаһанша, мен кеттім, – деп ұшып кетіпті. Жаһанша сол жерде талып қалыпты.

Атасы жұртты жинап:

— Осы баламды кім жазып берсе, бастан аяғына дейін алтын шашамын, – депті. Сонда бір адам айтыпты:

— Қырық патшаның, қырық байдың қызы келіп өлең айтса, сонда түзеледі, түрегеледі, – депті. Сонда да Жаһанша түзелмепті, түрегелмепті. Соның арасында еліне жау келіп қалыпты. Патша екі мың әскерімен ұрысқа шығып кетіпті. Жаһаншаға бір мезгілде жан кіріп, есін жиып, түрегелейін депті. Түрегеліп бір уәзірін ертіп ұрысқа кетеді. Бір жерге келіп уәзірі мен екеуі дем алып ұйықтап қалыпты. Жаһанша оянып:

— Мен ұрысқа барғанда не бітіремін, – деп ойланыпты да, «мен қызға барайын» деп, қызға қарай жөнеліпті. Жаһанша бірнеше күннен соң баяғы құстың патшасына барыпты. Басынан өткенін айтыпты. Сонда құстың патшасы айтыпты:

— Мен білмеймін, менің ағам бар, сол біледі. Мен ағама қағаз жазып беремін, – деп, қағаз жазып беріп, бір құсын шақырып алып мінгізіп жіберіпті. Бірнеше күннен соң патшаның ағасына барыпты. Патшаның ағасы қағазды оқып көріп: «Мен білмеймін, құстарымнан сұрап қарайын», – деп құстарынан сұрапты. Құстарының ішінде бір ақ кәрі құсы айтыпты:

— Мен кішкене күнімде менің әкем тамақ іздеп кеткенде перілер ұстап қалып еді, – депті.

Сонда құстың патшасының ағасы айтыпты:

— Әйтпесе, сол әкеңді ұстап қалған жеріне алып барып таста, – депті.

— Болады! – деп, үстіне мінгізіп алып барып тастапты. Жаһанша айдалада жалғыз өзі қаңғырып қалыпты. Сол кезде қашып кеткен пері қыз үйіне келіп жетіпті. Сонда пері қыздың әке-шешелері ұрсыпты:

— Сен сондай бір патшаның баласын тастап келгенің бола ма? – деп. Перінің әке-шешесі екі жүз пері жинап, «сол баланы тауып келіңдер» депті.

Біреуі барып баяғы қаңғырып жүрген Жаһаншаны көріп, атын сұрап біліп, «шақырған адам сен екенсің» деп, перінің үйіне алып келіп той қылыпты. Содан перілерді жинап қыз бен екеуі екі жүз перімен Жаһаншаның еліне келсе, атасы баяғы жаумен ұрысып жатқан екен. Жаһанша екі жүз періге айтыпты:

— Анаусы менің атамның әскері, анау келген жау, – депті. Екі жүз пері жауға ұрысқа шығыпты. Жаудың бәрін қиратып жіберіпті. Сонымен той қылып, Жаһанша перінің қызын алып, еліне келіп жауын қырып, әкесі мен өзі мұрат-мақсатына жетіпті.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇
  • Автор: Umit
  • 943



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі
» қазақ тілі тестілеуде_келген_сұрақтар_зерттеуші
» Наурыз мейрамы Қазақстанда жаңа форматта тойланады