Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  104


Автор: Темірше Сарыбаев

ЖЫР-ҒҰМЫР

Көшеней Рүстембековке
Өнердің жарқылы қаққан жиі өрінен,
Асылдың жарып шыққан сүйегінен.
Тамсантқан тыңдаушысын таңғалдырып,
Арқалы, аруақты, киелім ең!
Жырыңа берді баға ұлы ағалар,
Ақындар, жазушылар, ғұламалар.
Оқытты Москваға қаржы қамдап,
Сертті ұл деп сөзінде айтқан тұра қалар.
Тұлпардың тұқымы едің алтын жалды,
Артыңда мәңгі өшпейтін даңқың қалды.
Жалт еткен жай оғындай ғұмырыңа,
Қана алмай қапаланып халқың қалды.
Ажалдан кім құтылады – қыл тұзақтан?
Күндер-ай, Көшенеймен түнді ұзатқан!
Күміс үн көкке қарай самғағанда,
Жырының екпінінен жұлдыз аққан.
Өнерде өгейсіген бар ма қадір?!
Ізіңнен шұбап шықты жалғаған жыр.
Бел буып, тәуекел деп топқа түсті,
Мінеки, Бидас, Барбол, Арбалы, Арнұр.
Өкінсек тағдырыңа тастан қатты,
Ел-жұртың қайта оралтты қашқан бақты.
Атыңды алты Алашқа айғайлатып,
Ардақтап алпысыңды аспандатты.
Осыған бәріміз боп шүкір делік,
Жыртылған көңіл қалды бүтінделіп!
Қармақшы, тізгініңді тежеме енді,
Жайғасты қақ төріңе құтың келіп!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу