Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  74


Автор: Темірше Сарыбаев

ҰЛТТЫҢ ҰЛЫ

Мардан Байділдаевқа
Төктің терді күндіз демей, түн демей,
Төктің терді ұрандамай, үндемей.
Өзгелердің атақ-даңқын күндемей,
Өз атыңды шығару да – бір мерей!
Бабалардан бізге ауысқан ғұрып бұл,
Тәліміңде тектілігің тұнып тұр.
Керейт те емес, Кете де емес, керексе,
Қазақ деген бола білдің ұлтқа ұл.
Көзін ашып бес ғасырлық көмбенің,
Нар халықтың тірілтем деп өлгенін.
Өзіңді-өзің аямадың ақыры,
Өзегіңнен сарқылғанша өр демің.
Бұтақтары иір біткен қарағай,
Жаңалыққа жарқыл қақтың баладай.
Алты Алашты бауырыма басам деп,
Баласына қарамаған ағам-ай!
Көне өнерді көтермелеп қолтықтан,
Жүрегіңді жаулады жыр, толқытты ән.
Сен болмасаң Ұлы рухтан айырылып,
Ақи-тақи қол үзуші ек Қорқыттан.
Жалғап жатқан екі дүние арасын,
Мардан, Мардан – көк тіреген қара шың.
Сексен де емес, тоқсан да емес, жүз де емес,
Мыңға да ертең маң-маң басып барасың.
Мәңгілігің құтты болсын, ағашым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу