Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  70


Автор: Темірше Сарыбаев

ӨТЕ ШЫҚТЫ ГҮЛ-ДӘУІР

Біздің бастан өте шықты гүл-дәуір,
Қасіретім,
Қайғы-шерім зілмауыр.
Көз көрмеске дедектетіп барады
Көкірегімнен көтерілген бір дауыл.
Таскереңмін,
Меңіреумін,
Басырмын,
Оғына оқыс ұшырадым жасынның.
Шыркөбелек, тұр дөңгелеп дүние
Уысында аласапыран ғасырдың.
Қайран сүйек қалар екен қай маңда?
Жүрмін жалғыз жан шошырлық майданда.
«Ер жігітті ашу ептер, – деуші еді, –
Бұлдырықтай басынан бақ тайғанда».
Тайса, тайсын,
Табынбадым баққа мен,
Бақ деген не?..
Ортасынан қақ бөлем!
Соқталанған соры тамған сорғалап
Жүрегімнің қанын жалап жатты өлең.
Жалап жатты өткен күннің дақтарын,
Дақтары да баттасыпты қап-қалың.
Айғыздады алай-түлей аударып,
Жер-жиһанның қара ала ғып ақ қарын...
Қайран менің өмірім!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу