Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  63


Автор: Темірше Сарыбаев

ӨЗІҢЕ ҚҰЛАДЫ ЕКЕН...

Үмітіңнің үгітілсе нұр тауы,
(Сертте тұру – кісіліктің шырқауы).
Махаббаттан көңілі қалған қыздардың,
Құрып кетсін,
Таусылмайды сылтауы.
Бұған қарсы дау айта алар кім енді?
Өтіріктен үлестірер шүленді.
Болмайтынды болдыратын сұлулар,
«Ертеңмен-ақ» қатырады сілеңді.
«Бүгін» десең,
«Ертең» дейді ежіктеп,
Көнбейсің бе?
Онан әрмен безіп кет!
Сосын, сосын шарт сынады шыдамың,
Төзбейтінге төзе-төзе, төзіп кеп.
Солай, солай, бағың қыздан жанбаса,
Басыңды тарт, Басқасына қам жаса!
Арманымды арандатты деп түсін,
Айдай ару алабұртып алдаса.
Ақтан қалай айырасың қараны,
Сүймегеннің сынғыш келер тарағы.
Ал өзіңе құлады екен үздігіп,
Уақытты, өллә-біллә, табады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу