Өлеңдер ✍️

  17.09.2022
  299


Автор: Ақылбек Манабаев

ҚЫЗҒАЛДАҒЫ ҚЫРЫН ЖАПҚАН

Қызғалдағы қырын жапқан желкілдеп,
Ен жазығын ел жайлаған еркіндеп,
Даламыздың әр бұтасын суарған
Бабамыздың жасы тамып мөлтілдеп.
Ормандары қою бұйра бұрымдай,
Бұлақтары кісінеген құлындай,
Даламыздың әрбір тасы архив боп,
Сақтап қалған ғасырлардың сырын бай.
Жусанынан жұпар иісі аңқыған,
Жота-жоны күн нұрына балқыған.
Даламыздың саз боп есіп самалы,
Өзенінен тасқынды күй шалқыған.
Ақ тақия киген алып тау шалдай,
Таза асауы тәтті шырын-кәусардай,
Даламыздың дарқандығын даналар
Өмір бойы жырлап өткен тауыса алмай.
Көгілдір көл,
Көрікті алқап,
Гүл беткей,
Көлбеңдейді көз алдымнан бір кетпей.
Даламыздың кестелеуге келбетін
Менің дағы келте тілім жүр жетпей...
Көк аспанға өрнек болып сызылып,
Қиқу салып қайтты құстар тізіліп.
Жер бетіне қырау қонып тастады,
Аппақ тонын тау басына күз іліп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу