Өлеңдер ✍️

  17.09.2022
  156


Автор: Ақылбек Манабаев

АҢШЫ ТУРАЛЫ

I.
Ауылдағы барлық үйден аласа,
Көзді тартар күмбезі жоқ тамаша,
Жарқабақта терезесі жабулы,
Тұратұғын бір жалғыз үй оңаша.
Иесі оның бүкірейген қара шал.
Жанашыры,жақыны жоқ қарасар.
Ес білгелі байқамадық пендені,
Көңіл бөліп,оныменен санасар.
Сырластары жоқ әңгіме құратын,
Насыбай да сұрамайтын бір атым.
Дорбасын ап анда-санда тек қана,
Магазинге кіріп,қайта шығатын.
Есігінен сығаласақ бас бағып,
Жататын ол ескі бөстек жастанып.
Осынау бір жұмбақ адам туралы
Кетті бірде қызу талас басталып.
-Қара түндей тұнжыр, тұйық мінезі,
Өзгелерден ерекше бұл кім өзі?..
-Соны айтсайшы,
Деуге мүлде дәлел жоқ
Ескіліктің сарқыншағы бір өзі...
-Бөлектеніп,топқа әсте қосылмай,
Жан көрмедім саяқ жүрер осындай.
-Мүмкін әлде бейшараның басынан
Біз білмейтін өтті ме екен тосын жай.
Осылайша жорамалдар әр түрлі,
Жатты айтылып,болжам-пікір сарқылды...
- Тоқтаңдар,-деп осы сәтте дауыстап
Топ ішінен жұдырықтай шал тұрды.
-Алшағыр ғой әңгіменің желісі,
Ол жайлы көп хабарлы емес ел іші...
Ұмытпасам,-деп жалғады сөз соңын,-
Аяқталған жылы Отан соғысы.
Көшіп келді ол мұнда шалғай қаладан,
Аңшы болды аты жұртқа тараған.
Қан сонарда қасқыр қуып,із кесіп,
Олжасыз бір оралмайтын даладан.
Сол кезде-ақ осы үйінде тұратын,
Алданыш қып жалғыз ұлы Мұратын,
Майданда да мерген бопты әйгілі
Көздегенін құр жібермей жығатын.
Жатқыза ма бойда қуат,қолда күш,
Ұлын ертіп шықты Алшағыр жолға алыс.
Тау-тас кезген екі аңшыға тасадан,
Абайсызда тап беріпті бір барыс.
Сезімтал да алғыр екен бала аса,
Әкесіне түспек болып араша,
Бұрынырақ ұмтылыпты жыртқышқа
Мүйіз сапты ақ пышағын ала сап.
Алып жыртқыш азулы да айбатты,
Қанжардайын тұяғымен қайратты.
Қарғып келіп,көзді ашып- жұмғанша
Қайран жасты қан-жоса ғып жайратты.
Шапшығанда қайырыла секіріп,
Өзіне-өзі келді де аңшы бекініп.
Атты дәлдеп маңдайынан тағыны
Жатты ол сұлап жанталаса өкіріп.
Өкпе тұстан қадап еді қанжарды,
Қыбырлауға күйі келмей аң қалды.
Сонан соң ол ұлы жаққа жалт қарап
Қапыда кеш қалғандығын аңғарды.
Бұл қазаға санап өзін кінәлі,
Көкірегі қарс айрылып жылады.
Өксігенде жанарынан жосыды
Қан аралас қасіреттің бұлағы...
Өкініші жанын мұжып жегідей,
Ішкі мұңы үдей түсті, кемімей.
Дертке ұшырап,меңіреуге айналды,
Бірте-бірте сезімі өшіп,сөніп ой...
Айлар өтті... шерлі әке жасыған,
Шықпай қойды жас қабірдің басынан.
Бірақ,бірақ қарт сонда да қоймады
Аңшылығын кәсіп еткен жасынан.
Аңдарды аяп, етпес болды жаны дір,
Не көрінсе, соны атады,бәрібір.
Қатігездік жасап жүріп күтпеген,
Ауыр жайға ұшырады тағы бір.
III.
Жалаңаш құз жақпарына бір биік,
Жалғыз шығып,жайбарақат тұр киік.
Қалың бұта-қарағанды тасалап,
Аңшы отыр қарауылға ап құнжиып.
Өкпе тұстан қалт жібермей атқалы,
Сұқ саусақпен мықтап тұрып шаппаны,
Басып қалды...жаңғырықты айнала
Күңіреніп селк етті тау аспаны.
Дөп тиді оғы. Жанғанына кәрі бақ,
Тұрды аңшы орнынан жадырап,
Сол бір сәтте шыға келді егіз лақ,
Көк түтіннің арасынан маңырап.
Нәрестелік пәктікпенен мөлдіреп,
Жанарлары жаутаңдайды елжіреп.
Елеңдеді әлденеден секем ап,
Жас сәбидей кекілдері желбіреп.
Құрыды әлі мұны көрген аңшының,
Тежей алмай жанның ішкі қалшылын.
Қара тастай қатып қалды ол,білген жоқ
Жанарынан үзілгенін тамшының.
Енді қайтсін?
Қызғалдақтай құлпырып,
Кіршіксіз боп өсу үшін ынтығып,
Қарсы алдында тағысы емес даланың,
Сұлулықтың жиынтығы тұр тұнып.
Көркемдіктен ойып алған мүсіні,
Көзді байлап,мас қылардай кісіні.
Кербез басып, салса керім жүріске
Білінбейді тұяғының тысыры.
Мойын анау, жұмыртқадай жұп-жұмыр,
Жанарларға ұялаған мұңды нұр.
Бір денеге сыр-сымбатты мұншама
Қайтып қана сыйғызды екен бұл ғұмыр?
Келбетінен керімсал күй сазы ытқып,
Тұр алдында назға бөккен нәзіктік.
Табиғаттың таң дидарлы аруын
Жалматты-ау, ол жауыз оққа азық қып...
Көз тоқтата сұқтанды ол қайталай,
Әсемдікті жүрген қалай байқамай.
«Қартайғанда атандың-ау қанішер,
Жерге кіріп кетсең еді, сайтан-ай!..»
Деді де аңшы еріндерін қыршыды,
Дабыл ұрып жүрегінің дүрсілі.
Бойындағы ар-ұяты тулап кеп,
Маңдайынан маржан болып ыршыды.
Қайрат-күшін ізгі сезім жеңгендей,
Булықтыра билеп алды мергенді ой,
Бойындағы қаталдықтың барлығын
Қайта оянбас етіп мәңгі көмгендей.
Көз алдына елестеді боздағы,
Жан жарасын сыздатты да қозғады.
(Көкірекке із қалдырған қайғының
Қиын екен ескірмегі, тозбағы).
Тікірейіп шалғылары мұртының,
Ашу кернеп,ортайды еті ұрының.
Тік көтерді төбесіне үйіріп,
Тасқа ұрып қақ бөлмек боп мылтығын.
Бірақ, бірақ,ойлағаны болмады,
Шымыр етіп шаншып кетті оң қары.
Сол-ақ екен, саусақтары, дірілдеп,
Жансызданып қалды мүлде қолдары...
IV.
Содан бері өтіп кетті қанша жыл,
Өз айыбын мойындаған жанша бір,
Жұрт көзіне көрінуден жасқанып,
Тасланып жүріп жатыр Алшағыр.
Заманында өкірткен бұл шал, иә,
Сұмдық сыры болмауы үшін жария,
Келеді әлі көлеңкедей қалтылдап...
Деп күрсініп түйді ойын қария.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу