Өлеңдер ✍️

  17.09.2022
  89


Автор: Ақылбек Манабаев

Ағаштардың бұтағына білезік боп асылған....

Ағаштардың бұтағына білезік боп асылған,
Қайың-қызға көйлек болып ақ балтырын жасырған.
Жапырақтар,
Жазғы жасыл жапырақтар,
Көркіменен көзге оттай басылған.
Жапырақтар,
Жап-жасыл жапырақтар.
Сенің әсем бояуыңа малынып,
Жасаршы, жасанып тұр атырап бар.
Үлбіреген беттеріңнен өпкен самал,
Бір-біріне жүр тынымсыз тасып хабар.
Жапырақтар,
Жапырақтар сырға берік,
Сендерсіңдер табиғатқа тұлға-көрік.
Ажарын арттырасыңдар орман,таудың,
Күн сәулесін жамылған нұрға бөгіп.
Желпіп тастап көңілден назды-мұңды,
Лептеріңнен ескендей саз дүбірлі,
Жайнаңдаршы жап-жасыл жапырақтар
Елестетіп мәңгілік жаз ғұмырды...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу