Өлеңдер ✍️

  17.09.2022
  106


Автор: Ақылбек Манабаев

КОМСОМОЛ МОНОЛОГЫ

Комсомолмын еңбегімен ерекше,
Берілмеймін құрғақ қиял-елеске.
Жазықсызға жанашыр боп үнемі,
Жауларымды бұқтырғанмын егесте.
Қарапайым менің дағы өмірім,
Жан серігім ̶ жалынды ой, сенімім.
Қайратым бар қиындыққа қажымас,
Қаламаймын тіршіліктің жеңілін.
Еңбек қайда?
Сол арадан табылам,
Қала кетем,
Қырға шығам салып ән.
Ізгіліктің балын еміп бұлқынған,
Жүрегімнің әміріне бағынам.
Шандозына мініп ұшқыр шабыттың,
Шалқып кетсем,
Жыр тиегін ағыттым.
Жұрт қуанса,
Мен де бірге шаттанам,
Жалын атқан жанарымда жанып күн.
Самал кезген кең алқабын арқаның,
Кернегенде дариядай дархан үн
Қобыз бенен домбырамды сөйлетіп,
Күмбірлетіп сазды күйлер тартамын.
Жарқыл қағып күлгендерді ұнатам,
Жабығып бір жүргендерді жұбатам.
Ұштассын деп ғашықтардың үміті,
Бақыт тілеп, ақ жолына гүл атам.
Кейде сызып егіншілік нотасын,
Жетектеймін диқандардың соқасын.
Шопан болып отарларға толтырам,
Ел ырысы ̶ ен жайлаудың жотасын.
Қызуымен бет қаратпай шарпыған,
Болат анау, домна пеште балқыған.
Мен ̶ жұмысшы, құрыш қолмен тынымсыз
Бар байлықтың асылдарын қалқыған.
Серті берік жауынгермін саптағы,
Күзеткенім ̶ бейбіт күннің ақ таңы.
Бұзылмасын деймін сән мен салтанат,
Заманымның жазиралы шақтары.
Мен ̶ шебермін, жүзімде нұр, арай бар,
Сомдап соғып, тұрғыздым сан сарайлар.
Өнерімнің тамашалап өрнегін,
Таңдай қағып, тамсанысқан талайлар.
Қастерлеген адамзаттың ұлы атын,
Достық, теңдік, шындық ̶ биік мұратын.
Жаңалықтың, жақсылықтың жаршысы
Комсомолмын сертте берік тұратын.
Жігерім бар шыңға шырқап шығатын,
Екпінім бар асқар тауды жығатын.
Күрестің өр дауылында шыныққан,
Комсомолмын коммунизм құратын.
Революция дауылпазы қыран-ер,
Коммунистің жолын қуған мұрагер, ̶
Інісімін,
Партиялық тапсырма ̶ орындаймын.
Болмайды оған шүбәлі ел!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу