Өлеңдер ✍️

  17.09.2022
  62


Автор: Қатира Жәленова

МОЙЫНДАУ

Балы мен уын үлестіргенде,
Уынан молдау асатқан.
Дүлей-тағдырмен
Күрестім күнде,
Қашам деп ажал-қасаптан.
Қысқарар ма екен,
Жалғанның жолы?
Білмеймін...
Алда не болар?...
Адамның басы – Алланың добы,
Домаланар да, жоғалар.
Домалап,
Мен де ілінермін бе,
Жүзіне жазмыш-орақтың?
Өткінші өмір, білінер кімге,
Көркімді күзге тонаттым...
Осылай ма едің,
Жалған-ай?!
Жалған!
Оралмас күнді жоқтаймын...
Ақындығым да
Адыра қалған,
Қарақан басым боп қайғым...
Жә, жетер!
Көңілім,
Күнә жамама!
Жазмыштан қалай озармын?
Басқаға дардай,
Құдайға ғана –
Түйіршігімін тозаңның.
ИӘ, СОЛАЙ!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу