Өлеңдер ✍️

  16.09.2022
  103


Автор: Тəпей Қайысханұлы

КӨШ КЕЛЕДІ

Сағым қуған сар дала-ай,
Сағындырдың сен нені?
Сан əуеннің салмағы-ай,
Сан құбылған сендегі.
Тарих па бұл да ұғар,
Үзілмеген біздегі.
Дала көрсем бұлдырар,
Түйелердің тізбегі.
Жоталарын тұрғыдай,
Жалғатса да қанша өңір.
Түйе үстінде дүние-ай,
Боталады қанша өмір?!
Бұлдыраған түйелер,
Көшке айналып ілезде.
Тарихынан түйелі ел,
Сыр шертеді бір өзге.
Қозғалады бір алып,
Жүк-дүние тиеген.
Тау, даласын бірге алып,
Баратқандай түйемен.
Елес жырлар жылауық,
Көш соңынан ілесіп.
Кетеді ақын бір ауық,
Желмая ойға мінгесіп.
Жебелейді жетіген,
Пыр-пыр ұшып шіл– үміт.
Сахараның шетінен,
Көш келеді шұбырып.
Көш келеді қайдан бұл,
Қырдың ашып шырайын.
Көш алдынан айран– жыр,
Толтыра алып шығайын.
Ел құлағын түреді,
Естуге асық дала əнін.
Көш келеді түйелі,
Жай аударып табанын.
Шығар бəлкім сақ, үйсін,
Қаңлы я аландар.
Сахараның сап иісі,
Бұрқыраған адамдар.
Қай ұлысы, қай елдің,
Қайғысы жоқ қам жейтін.
Сай-саласы əр белдің,
Өздігінен Эндеитын.
Сахараның бір ғана,
Сал самалы қуатын.
Көш алдында би, дана,
Жолай кеңес құратын.
Көркіне сай бар мүше,
Жеткізбейді құс– далаң.
Ақ шатырдай бəйбіше,
Жез бұйданы ұстаған.
Көштің бойы дыр– думан,
Неткен бейбіт ел еді.
Түліктері мыңғырған,
Көш артынан келеді.
Жығылса жер гүл тосқан,
Өмір көшіп барады.
Қыз, бозбала үн қосқан,
Əн кернейді даланы.
Құмар көңіл қанама,
Дала рухы өшпеген.
Орындалар далада,
Симфония– көш деген.
Шаңырақты нар атан,
Бұйдамен бір лепіген.
Тірлік біткен манадан,
Көшкен жердің бетімен.
Елді өзімен дос көрген,
Дала– базар қайнауда.
Күлдір-күлдір көш– керуен,
Тартты үдере жайлауға.
Əрең-əрең көрінген,
Түйелердің өркеші.
Көк шалғынға көмілген,
Жайлау таудың өр төсі.
Шіркін, өмір, жамалы-ай,
Əуелейтін əнің бар.
Хан жайлауға жағалай,
Қонып жатыр ауылдар.
Жайлау үстін гүл жапқан,
Қыз қызғалдақ үзіп жүр.
Терін самал құрғатқан,
Түйе шалғын жүзіп жүр.
Басталады гүл– өмір,
Жасқанады мұң біткен.
Жəрмеңкесі бұл өңір,
Дала елін бұл күткен.
Қымыз ішіп қызарып,
Қызық бəрін шын арбап,
Кеңес кетер ұзарып,
Əн ұшады-ау, шығандап.
Мұз сіреген құз мынау,
Ғажап қандай осы ара.
Қызғалдағы қыз-алау,
Мөлдірейді тошала...
Басталғандай мұң күйі,
Қағынды өмір қас қағым.
Бұлт бүркенді бір күні,
Хан жайлаудың аспанын.
Табиғаттың ғажап-ау,
Мүлгіп жайлау– жаннаты.
Шартылдайды нажағай,
Түсіп жатты жай оты. – Жау келді! – деп айғайлап, – Жау келді! – деп ойбайлап.
Бейғам елді қынадай,
Қырып жатты дөй қалмақ.
Соқтырды екен қайдан кеп,
Қандай кек пен қандай дау?
Салтанатын сайтан жеп,
Қан сасыды хан жайлау.
Жатты өртеніп дариға-ай,
Ақ боз үйі– ордасы.
Жебелері дарымай,
Жаудың болды олжасы.
Ботасы өлген– жас ғұмыр,
Боздады-ай, кеп бозінген.
Түйенің де жас құрғыр,
Бұршақтады-ау, көзінен.
Қайран жайлау, қайран ел,
Бейбіт өмір қош бəрің.
Деді де ақыр қайран ел,
Көшті артып қостарын.
Көштер келіп қосылды,
Отырардан, Саураннан.
Бірігіп алып жосылды,
Қалды артында салған əн.
Сол көшкеннен мол көшті,
Қалба тауға барғызды,
Арасында қан қызды,
Жауынан кек алғызды.
Сол көшкеннен мол көшті,
Алтай, Қарпық, Сыр барды,
Іздерінде түйенің,
Таусылмайтын сыр қалды.
Қара таудың басынан,
Көш келеді дегізді.
Көшкен сайын бір тайлақ,
Бос келеді дегізді.
Қарындастан айырылған,
Қиын екен дегізді.
Қара көзге мөлдіреп,
Жас келеді дегізді.
Содан бастап біздерді,
«Көшпенділер» дегізді.
Сонда да əйтеуір кең дала,
Кейуанадай емізді.
Жəннəт, жəннəт жер кетіп,
Жер түбінен қайтқызды.
Түйе үстінде еңіретіп,
«Елім-айды» айтқызды.
Жол, жұрттарың шаң басқан,
Қош айтысып жатты елмен.
Шаңырағымды шақпастан,
Түйе екен-ау, ап келген.
Түйе екен-ау, жалғаған,
Ғасыр менен ғасырды.
Соңғы көшті, таңғалам,
Бұланайдан асырды.
Бұланайдан асырып,
Суырды жер табанын.
Бұланайда басылып,
Қалды түйе табаның.
Төресіне даланың,
Басын жат ел иді ме?
Алып бардың аманын,
Пəкістанға,Үндіге.
Жеткізе ме бір хабар,
Беймəлімдеу ешкімге.
Тыраулайды тырналар,
Жердежылжып көш бірге.
Боздаған бір дауысың,
Жетті ме əлде, беу, бақыр.
бəріміздің бақ үшін,
Бейбіт заман келді ақыр.
Иір– қобы тұрқың-ай,
Иір– қобы даладай.
Ойсылқара тұқымы-ай,
Шашты нұрын таңғы арай.
Салмасын деп қайта əлек,
Келмесін деп ол бір күн.
Қалған елді қайта əкеп,
Қонысына қондырдың.
Қара таудың басында-ай,
Қарағаныңды кеміріп.
Тұрдың тағы бас ұрмай,
Жануарым кең, ұлық.
Көзіндей ме даланың?
Өзіндей ме қазақтың?
Түйелер ғой, қарағым,
Көтерген тең азапты.
Жалпақ-жалпақ қалды ізің,
Жалпақ жердің үстінде.
Боздаған үн таңға ұзын,
Естіледі түсімде...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу