Өлеңдер ✍️

  16.09.2022
  103


Автор: Тəпей Қайысханұлы

ЕГІЗ ТАҒДЫР

Тербеп кұйын көңілдің,
Торлап қиял көгін мұң.
Шықты екі адам шоқыға ,
Сайға тастап көлігін.
Шер арқалап шет барып,
Сан азапты шекті анық.
Келген беті Берлиннен,
Ана отанды бетке алып.
Зарығып бір көктемге,
Күйіп-жанып от кеуде,
Жетті-ау, жекен өңірге,
Жарым ғасыр өткенде.
Кешсе де өмір баянын,
Мұңсыз дейсің қай ада.
Баласы елу, əкесі–
Сексен жасқа таяған.
Мойыл мінез нар тұлға,
Еңкеймеген қартың да.
Алдарында бұланай,
Ұлан дала артында.
Таңның бір күн атарын,
Күннің бір күн батарын,
Білген ұлы тарихтан,
Алған доктор атағын.
Тартқан ыстық күш лебі,
Сағынды одан тыс нені.
Туған жердің жата қап,
Топырағын искеді.
Қайыспаған қайғыға,
Қартың жатқан бай мұра.
Ұзақ аят оқыды,
Ақ сəлдесін жайды да.
Сөз де бар-ау жатқа алар,
Көз де бар-ау сақтанар.
Дүбір шықты, құраны
Аяқталар шақта дəл.
Мынау деген тоқ ғасыр,
Уайым да жоқ тақсыр.
Алдарынан өтті бір,
Елік қуған топ қасқыр.
Жас боталап көзінен,
Қашқан елік төзіммен,
Өтті зырлап алдынан,
Ұқсас тағдыр өзімен.
Онсыз көңіл жаралы,
Жүрекке мұң жамады.
Түйілісті еліктің,
Мөлтілдеген жанары.
Басқандай мұң пернесін,
Ескі алды ауыр ел көшін.
Ағыл-тегіл коз жасы,
Жуды қарттың кеудесін.
Лезде өзгеріп нұрлы əлем,
Жаңғырғандай мұңлы əуен.
Егілген қарт орнынан,
Үш ұмтылып тұрды əрең.
Үйіріп қарт тəубасын,
Шолды шыңның тау-тасын.
Бұланайға қарады,
Бұлт бүркеген зəу басын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу