Өлеңдер ✍️

  13.09.2022
  128


Автор: Гүлнәр Қуанбекова

Сүйікті тау

Бастауың да, тастарың да жыр ма екен,
Сүйікті тау, шалқар түсті гүлмекен.
Киелі, әже лепті саумал желіңе,
Көңілімдегі көздің шелін үрлетем.
Көзіме оттай басылғаны-ай бел-белең,
Бұлт түнеткен құзыңа үміт өрлеген.
Бала күнгі шаттығыммен табыстым,
О, қандай күй көкірегімді тербеген.
Жалын буса маздап ұйтқып жанбай ма от,
Алды үйіріп көкорайлы таңдай бет.


Қыран-қиял жел байланып кетті ұшып,
Сен алдымда жүргеннен соң таудай боп.
Сүйікті тау бал-бұл жанды көз алдым
Саған келіп көзін сүртті тозаң күн.
Сылдыраған бұлағыңа сыр қосып,
Мен де өзімдік табиғатыма оралдым.
Саған келіп нарқын біліп тұнықтың,
Сары қымызға сарайымды жібіттім.
Қылықты боп кетеді екен елік-қыз,
Жан аптабын болжау қиын жігіттің.
Айқара ашты сенде сезім құлашын,
Ұқсамайды ә, үйрек пенен лашын.
Көйлегімнен қағуға да қимадым,
Сенің тарғыл тастарыңның қынасын.
Асқарың да жыр секілді, аспаның,
Муза-жалын буды бойды қас қағым.
Бала қыздай бар бақыттың базарын,
Келді қайта ту басынан бастағым.
Келді жасыл кілеміңе аунағым,
Тау, ана-жер сыйласа екен тау-дарын.
Құштарлық пен іңкарлықтан лепіріп,
Айғай болып көтерілді-ау аңғал үн.
Сүйікті тау, нар тарих, көк белім,
Жалбызың боп жарасса екен көктемім.
Жан тілімнің жазып кеттім қойныңа,
Бір кезеңнен бір кезеңге жеткенін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу