Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  104


Автор: Бижан Қалмағанбетов

ЕСЕП

Ұмтыласың түзетуге қатеңді,
Олжаға бір толтырғың кеп кесеңді.
Мына өмірде ұтыласың сан рет,
Қанша жанға жібересің есеңді.
Досың да бар, кейбіреулер өш етті,
Соған бола атпадың да кесекті.
Неге екенін жаңылыса береміз,
Тым-тәуір-ақ білсек-дағы есепті.
Кейде жақын көрінгенмен шоқылар,
Біреу соған жете алмай-ақ опынар.
Пенделер бар тап-тұйнақтай ісіне,
Есепшотқа қаққандай ғып отырар.
Сотқарлар жүр кек алуды көксейтін,
Ей, жігіттер бұл қылықпен өспейсің.
Арамыздан ақымақ та табылар,
Екіге екі қосқаныңда бес дейтін.
Шаруа дейсің алқынады қос өкпең,
Санайсың да күндеріңді бос өткен.
Аз-кем қалған қаражатты қолға алып,
Байығандай отырасың есеппен.
Бұл айтқаның жылтыр сөзің бос деме,
Өрісің кең, тамыр жайып, көкте де.
Сен білмейсің – бәрі-бәрі есепте,
Тек алдағы ғұмырыңды шектеме!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу