Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  113


Автор: Бижан Қалмағанбетов

БАЗАР

Қалайша мен ғайбаттап, табалармын,
Шаруасымен ол жерге барады әркім.
Гу-гу халық, айналаң ығы-жығы,
Жүргендейсің ішінде аралардың.
Қалта қағар ұры бар, өңге тегі,
Қайыршыға сал теңге нең кетеді.
Салдырлатып өздерін жарнамалап,
Арбакештер дауыстап әндетеді.
Табылар ағаң, атаң, құрдасың да,
Қызық-ақ, әне екеуі ымдасуда.
Ерігіп жүрген біреу бөгеп сені,
Жеткізер әңгімесін бір ғасырға.
Шеттерінен саудагер тосылар кім,
Пұл сұрайды өзінше затына әркім.
Көздің жауын алатын сөрелерден,
Керек- жарағымды да сатып алдым.
Бүлік-бүлік еткен сағыз ба ұртындағы,
Жымысқы күлкісімен мұртындағы.
Су тимес бір жылпосқа тап болыппын,
Кейін білдім ақшамнан қымқырғанын.
Алдау-арбау сауданың желігі ме,
Жаңылдырмақ ойы бар сені міне.
Безбүйректер осындай тұрар қалай,
Әз халқымның тап-таза сеніміне.
Теңгем кетті ол енді оралмайды,
Көлеңкелі көңіл де олар жайлы.
Жеке бастың қамы үшін арын сатып,
Адамдарды адамдар неге алдайды?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу