Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  199


Автор: Бижан Қалмағанбетов

ШҮКІРШІЛІК НЕМЕСЕ ҚАЗАҒЫМ

Дей алмассыз айтқаның шала мына,
Ілінсек те жиі сын садағына.
Қолындағы тәттісін балаға емес,
Қазақпыз ғой сақтайтын қонағына.
Жақсы адамға өсек те таңылмайды,
Шіріткендей құмалақ қарын майды.
Неге екенін қуанса, қиналса да,
Біздің қазақ шүкірден жаңылмайды.
Уа, балақай, қалайсың ісің нешік,
Отырамыз алаңсыз пікірлесіп.
Тәубе құдай жазба деп бергеніңнен,
Ақырында тараймыз шүкір десіп.
Біреулердің сынаймыз ісін кей біз,
Ал өзіміз түк нәрсе бітірмейміз.
Бір баспана тұрғызсақ сыртын мақтап,
Жарар осы жетеді, шүкір дейміз.
Жағдайға да мән беріп, түсінбейміз,
Іргемізді қайтіп дос бүтіндейміз.
Мейлі өрт шалсын, су бассын, қалдық аман,
«Бастан құлақ садаға» шүкір дейміз.
Сырқаттың да байқамай күшін кей біз,
Алдын алып, қамданып, күтінбейміз.
Ауруды да жасырып, сұрай қалса,
Жаңа ыстық шай іштім шүкір дейміз.
Өмір бізге мүмкіндік ұсынды ерен,
Қапы қалма, адамзат, түсін дер ем.
Тайға таңба басқандай болса да анық,
Күн кешеміз осылай шүкірменен.
Кей әрекет десек те бүтін бұзды,
Жол іздейік басқаша ұтымды, ізгі.
Тойдырғанмен қанағат қарнымызды,
Онша алысқа апармас шүкір бізді!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу