Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  173


Автор: Бижан Қалмағанбетов

ӨСЕР ҰЛ...

Қазағым-ай, дуалы ауыз, баталы,
Ұрпағынан тек жақсылық тосады.
Елге барсаң тілерсегі майысып,
Құйттай бала су әкеле жатады.
Сәлем беріп келсе үйіне бір кісі,
Дайын тұрар және көп зат білгісі.
Ізетпенен босағада күтеді ол,
Қолда құман, иығында сүлгісі.
Көлікті аңсап, демейді де шеттемін,
Тартар ерте бетке ұстап мектебін.
Сонсоң кешке отбасына мақтанып,
Жайып салар күнделіктен бестерін.
Отынға деп тау-тау ағаш жарылар,
Қора, мал бар – жұмыс бұған табылар.
Қолдан кетпен, қайласы бір түспейді,
Жазда бақша, қыста қары тағы бар.
Тек осымен шектелмейді көмегі,
Сарқылмайтын зор қуат-күш береді.
Анасының құлыным деп бір сүйіп,
Әкесінің айналайын дегені.
Жүрегі адал, көңілінің мәртін ұқ,
Болашаққа тұрады ылғи талпынып.
Міне осындай болу керек өсер ұл,
Биіктерге қолын созған тал шыбық.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу