Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  75


Автор: Әлімқұл Данияр

Мұңмезгіл

Кірпігімнен кәусәр тамшы тамарда,
Жалғыздығым көңіл айтар... күні-түн.
Күздің қара суығындай жанарда,
Шамның әлсіз жарығындай үмітім.
Қараңғы түн қаумалайды беу, неге?
Толып кеткен тыныштыққа тұстар лық.
Бөтелкедей босап қалған кеудеде:
Желдің жөнсіз екпініндей құштарлық.
Жанарымда қан шырайлы сұсты өмір
Тамырымда тың ағын бар. (Қай ағыс?)
Кірпігімде қалтырайды шық-мөлдір.
Жапырақтың дірілінде аяныш.
Төзімімді түн қояды көрмеге,
Мұрсатымды мұңға тонап алғыздық.
Үнсіз жылау орын алып бөлмеде,
Шық тереді кірпігімнен жалғыздық.
Еш Ақылдың ермей есті Сөзіне,
Еңкіш тартып Обал менен Ашыныс,
Көктем іздеп барып едім көзіне,
Күз басталып кеткен екен асығыс.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу