Өлеңдер ✍️

  11.09.2022
  83


Автор: Әзия Мағыперқызы

Иығыма анам тас қадады

Шалмасын сана дейтін мүшеңді мұң,
Сенен ылғи ізгілік күтем, күнім.
Жер бетінде пәле көп, абайлап жүр,
Деп анам биыл сенің мүшел жылың.
Иығыма қап-қара тас қадады,
Түйіліп мейір толы қас-қабағы.
Мынау кие бұлақтың тасы дейді,
Киеден пәле-қаза жасқанады.
Ине ұстаған қолдары діріл қағып,
Деп күрсінет сендерсіз күнім ғарып.
Бұлақ жайлы бастады хикаясын,
Әмірдей ана тілін тұрмын бағып.
Арқалаттың армандай жаныңа жүк,
Ілінбесін илаһим таңыңа бұлт.
Қапияда аңқау аң қақпан басса,
Сол бұлаққа аяғын малып алып.
Кетеді екен шырқырап шыңға қарай,
Қандай ғажап таза ауа тұнған арай.
Анамын, жатсам тұрсам алаңдаймын,
Сені түсіп кетер деп шырғаға қай.
Жырың жаудыр сөнбеген жан аптабың,
Сол қалпыңмен түсесің сарапқа мың.
Серілері аспанның жараланса,
Сол бұлаққа малып ап қанаттарын.
Табады екен аспандай өз биігін,
Құрастыру хикімет сөз қиынын.
Деп тынды да күбірлеп тілек айтты,
Көк жиекке көлбетіп көз қиығын.


Өмір айдын қолымда жыр ескегі,
Өлең еттім шықтың да дір еткенін.
Көзбенен сұқ қадалса көкірегіме,
Тірілдіріп алады тілек мені.
Маңғаздан мұң, ән естісем масқарадан,
Кірпігімді тұп-тұнық жасқа малам.
Туған жердің бір түйір тасы мені,
Бар пәледен жүреді сақтап аман.
Сенен бөліп көрген жоқ сенім мені
Екеуміз жазды күні кездесіп ек,
Өтеміз мәңгі бір деп тез бекіп ек.
Санамда абыз алқап күй сарыны,
Сарнайды солғанымен өзге сурет.
Бежеңнің бебеулеттің «арман-айын»,
Кіл тынып тыңдап еді бар маңайың.
Тімтініп ғажап сонда миымды мұң,
Күрсініп жаздың күттім таңғы арайын.
Арай сүйген алқапты ұнатқамын,
Түседі екен құлпырып құраққа күн.
Киелі екен кіндігің кесілген жер,
Сүйеді екен мұзтауды жылап сағым.
Күймен, әнмен әдемі таң да атып ед,
Сол бір кеш әм қуаныш, әм қасірет.
Сүйген бала сен едің құдашасын,
Күйге айналып кеткендей зарда тілек.
Қимай қалдым, қия алмай аттанған ең,
Әнші құстар сиятын бақтарға әрең.
Кейін біздің ауылға көп келіп ең,
Деме, оқырман, мынауың мақтан ба, нең?


Келетін ең кемінде апта сайын,
Ойнақ салып кертөбел, ақ бақайың.
Үнің ыстық, үзіліп бір келгенде,
Бүгін түні деп едің, ап қашайын.
Сұрамадым сумаңдап неліктен деп,
Жыламадым кеудемді желік кернеп.
Бір амалын таптым да жалтарудың,
Тілегіңе келіскем жоқ.
Таңдай қағып талығып таңды ұзаттың,
Екеумізді тербетті алдына ап түн.
Бау-бақшаның бар құсы ұйықтағанда,
Кеттің онда демалыс жалғыз-ақ күн.
Баяны жоқ бола ма тосын құрмет,
Бар сырыңды берді айтып досың бір кеп.
Боран соқса құмдарға нота жазып,
Ерке Ертіске күй болып қосылдың кеп.
Дәрменіңді дәстүрмен дәлелдедің,
Жүргізеді әмірін әлемге күн.
Бақидағы ағайың разы ма,
Ақылды ма әдемі әмеңгерің.
Бақ бола ма бағасы маған елдің,
Тойған қашан құлқыны қара жердің.
Көген көздеріңнің көз жасына,
Тұншығып қала бердім.
Есіңде ме екеуміз баратын бақ,
Қалғитұғын құс әнін дала тыңдап.
Өмір кейде желмен де жарыстырар,
Төгілмей ме пернеден тамаша ырғақ.
Сондағы бақ атында бейсенбінің,
Жабырқап жалғыз келем кей сенбі күн.


Неге бүгін саялы ақ қайың жоқ,
Деген үнің жадымда, еркем, күнім.
Сенен бөліп көрген жоқ сенім мені,
Самайымнан ақ қырау тебіндеді.
Күй-бежеңнің рухынан қымсынамын,
Терең-терең ойлаудан тегіндені.
Аспан - арман, секілді дала - мұрат,
Бақ құлазып, жүрмесін бала жылап.
Түседі онда айдың да жанарына ақ,
Мені алып қашасың қиялымда,
У да-шу боп жатады манағы бақ.
Қыз бен айдың қабағы неге сынық
Қайдасың, тірімісің,
Мен тау біліп табынған ірі мүсін.
Күлік теріп жүрсің-ау күнің үшін
Жүр соны біліп ішім.
Сыртым күліп жүрсем де, ішім жылап,
Арман дейтін көрген жоқ құсым құлап.
Көлеңкемді серік қып серуендесем,
Уыс-уыс жемісін ұсынды бақ.
Жапырақты жамылып жеміс жедім,
Мекенінде жүргендей періштенің.
Не істедім, симайтын көңілдерге,
Келіспедім.
Бұлақ суын жұттым кеп уыстап ап,
Бұлт астында ай тұрды күміс табақ.
Жалп-жалп етіп жанымнан өте шықты,
Бір торғай сынық қанат.
Торғай кетті көгалға жасырынып,
Болмай ма қыз адасса ақылы жүк.


Өлімтігін жасырар жер таба алмай,
Анадайда кәрі төбет жатыр ұлып.
Жаралы құс жалпылдап, төбет ұлып,
Қыз бен айдың қабағы неге сынық.
Сенделдірдің ит- құсқа серік қылып,
Кезінде берген сертің неге өтірік?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу