Өлеңдер ✍️

  09.09.2022
  108


Автор: Төлеген Рахымжанұлы

Желтоқсан

Желтоқсан – соғым айы,
қыстың басы,
Аппақ қар түлкі аунаған түстің бәсі.
Өлшеусіз аяз қарып жатсын мейлі,
Өр сезім, шоқтай жайнап ұшқындашы.
Желтоқсан – қазақ үшін шежіре бұл,
Жарқылдап құйылғандай сөзіме нұр.
Ызғары желтоқсанның кетпей жатыр,
Атан боп шыдаса да төзім-өмір.
Үстемдік боздақтарды тепкіледі,
Армандай қыздарымыз соққы жеді.
Ызғарын желтоқсанның наурыз бұзып,
Тоң жібіп, қарды тесті отты желі.
Желтоқсан,
енді өзіңсің сөнбес Күнім,
Жыл толды қол жеткелі дербестігім.
Сәбиді жасқа толған мейрамдайық,
Ие боп тізгініне кер бестінің.
Желтоқсан – алғы бағыт,
білмес тірлік,
Нарыққа халықты әкеп мінгестірдік.
Шаруа жекеше боп отау тігіп,
Қожалық ұжым болса,
бірлестірдік.
Елгезек болып кеттік әмір етпей,
Сау болдық, қалсын мейлі дәрі жетпей.
Боданның бостандығы балдай екен,
Ауыздан тәуелсіздік дәмі кеппей.
Бағдар бар:
Арты мәлім, алды жұмбақ,
Нарықтан кімдер қалай қалды жырғап?!
...Бәрібір тәуелсіздік алып келген
Бітпеспін Желтоқсанды мәңгі жырлап
.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу