Өлеңдер ✍️

  06.09.2022
  70


Автор: Сәруар Қамаева

ЖАРЫҚШАҚ

Жалғызбын бүгін,
Құлазып қалған айналам.
Жалғыздық жібін
Беліме мықтап байлағам.
Шиырып алғам,
Шыңыраудан тартып алардай.
Түйінді қатты
Шеше алмай мың ойланам.
Күрмеуі жоқ па
Тарқатып бірден алатын?
Ілген бе ноқта
Мойнымда мәңгі қалатын?
Күн менен түннің
Айырмай жүрмін арасын.
Соны бір соқпақ,
Жұлдызым қайсы жанатын?
Шиырлап өткен
Өмірдің жолы бұралаң.
Қиюы кеткен
Сынықтай сыртын құраған.
Күндерім көп пе
Тағдырға налып жылаған?
Түндерім көп пе
Шырағын жағып сынаған?
Қарай да алмай,
Санай да алмай анықтап,
Көңілге көнсем,
Өлең қып өрсем
Қиялым кетер қалықтап.
Саралай білсем де,
Баладай күлсем де шалықтап,
Мұздатып тұрар,
Сыздатып тұрар
Жүректі жалғыз жарықшақ.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу