Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  186


Автор: Бауыржан Бабажанұлы

ҚЫЗ БЕН МҰРЫН

Әскерден кеп, бедел жүріп қыздарға
Тұрған шақта, бір аруды қызғанған,
— Алматыға кетем! — деп ем жабылып
Бір топ тентек мұрынымды бұзғанда.
— Еркек болып шықпағасын жекпе-жек,
Жалғыз өзім не істей алам көпке?! — деп
Әлгі қыздың сүймегенін жасырып,
Кеткен боп ем, сол «иттерге» өкпелеп.
Нән шаһарда жоқ болатын таныс түк,
Мың-сан арман астанада табыстық.
Алатаудың асқарына ту қадап,
Танысқан шақ, табысқан сәт, бәрі ыстық.
Ақын болып, асаба боп, көпке ұнап,
Арулардың күлкісімен жетті Бақ.
Мұнда-дағы мұрын талай бұзылды,
Алматыдан кеткім келген жоқ бірақ.
Жанға сезім, бойға қуат толғасын,
Жігіт әсте имес, сірә, өр басын.
Сынған мұрын,
іскен қабақ,
не тәйір,
Қыз алдында мерей үстем болғасын.
Ақтөбемнің қаламымды ұштаған,
Айнасынан жүзімнен бір сұс табам.
Мұрыным сау,
жарым бәйек,
«Папалап»
Құлдыраңдап жүгіреді үш балам.
Былдыр-былдыр бір шаттыққа толды үйім,
Қандай ғажап!
... дегенмен сәл толқиын.
Алабұртқан анау сұлу қалқа үшін,
Енді мұрын бұзыспаймыз, сол қиын..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу