01.09.2022
  1159


Автор: Ұлықбек Есдәулет

НАТЮРМОРТ

Еркiн Нұразхановқа


Бiр сурет сақтаулы тұр көптен менде,
Ой салар келгендерге, кеткендерге.
Натюрморт – дос суретшi сыйға тартқан,
Бәрi бар тән бояудың көк пен жерге.
Алма анау қып-қызыл боп албыраған,
Қап-қара жүзiм жатыр балбыраған.
Жап-жасыл қияр анау жаңа үзiлiп,
Көкпеңбек дастарханда сән құраған.
Сәулелi стақанда мөлдiр шырын,
Қасында – ашқан аппақ гүл бүршiгiн.
Қарасаң, тәттi жұпар танауға кеп,
Тартады сұлулығы көздiң сұғын.
Әрiрек – басы жатыр бiр адамның,
«Бұл кiм?» деп суретшiден сұрағанмын.
«Е, ол жәй... Микеланджело басы емес пе?»
Дей салды ол. Қазбаламай тына қалдым...
Қарасаң – қамсыз жүрек тiлкем болар:
Алайып қатып қалған үлкен жанар.
Сабырлы суық өң мен кең маңдайдан
Ерекше жан екенiн жұрт аңғарар.
Әр жемiс үстелдегi iрең берiп,
Гипстiң жатқан сынды түрi өзгерiп,
Шөлмектей құп-қу болып бiр қарасаң,
Қалады бiр қарасаң күреңденiп.
2
Микеланджело?! Ақталып неғыламын,
Мен оны ә дегенде танымадым.
Бабамдай балбал көрсе басын иген
Алдында «Дәуiтiнiң» табынамын.
Ерлiк пен қасiреттiң кемеңгерi.
Ақтарды ажал сырын тереңдегi.
Сыймады Флоренция – ұлы елiне
Сыйса да бесiгiне өнердегi.
Өлiмнен Қорқыттан да қорқып әрман,
Өтiптi жүрегiнде дертiп арман.
Сурет пен сұңғаттан да сая таппай,
Өлең боп өзегiнде өртi қалған.
Қалмады ешбiр өнер жанын алып,
Қор болды ит-қорлықта кәрi ғарып.
Отаны танымаған азапкердi,
Басына көтердi әлем танып анық.
Сорға – бай, қуанышқа олқы кiсi,
Суреттен сезiледi зор тынысы.
Жүзiнде – жас өнердiң сәулесi мен,
Көзiнде – кәрi ажалдың қорқынышы.
3
Жаз айы отыр едiм пәтерiмде,
Сәбиiм қолын созып қапелiмде:
«Әпершi ана алманы» – дедi маған,
Ойланбай оңтайландым әперуге.
Қарасам: қабырғаға тамсанады,
Натюрморт алмасы екен аңсағаны.
«Оңбайды-ау, деп ойладым, суретшiлер,
Жан салмас дүниеге жан салады».
«Ол – сурет, iлiнбейдi қолға» деймiн,
«Әпер де әпер, папа, алма жеймiн».
«Бақшадан қазiр үзiп әкелейiн,
Қызым-ау, сәл күте тұр, онда, мейлiң...»
Қадалса – қан алмай ма бала деген,
Шыдамай атып шығып далаға мен,
Бақшадан бiрер алма үзiп алдым...
Кез едi күн еңкейген, алакөбең...
Үздiм мен таңдамай да,
Талғамай да,
«Осылар шикi-ау» деген болмады ойда.
Аспанда Төлегеннiң алты қазы
Қалықтап бара жатты әлдеқайда.
Қолдарын ауырсына сiлкiп қалып,
Алма ағаш басылды әрең үркiп барып...
Ойладым: анау аппақ қаздарға да
Бiреулер жетедi-ау деп мылтықты алып...
4
Табиғат, кешiр мынау пенделердi,
Сен бердiң тағдыр бiзге бермегендi.
Алдымен аямастан жаралап ап,
Сонан соң сүйемiз бiз емдегендi.
Табиғат, сен – бозторғай ұяң жаны,
Бiз – көкек балапаны ұяңдағы.
Тойынбай өгейiңдi тойғызам деп,
Тасисың табысыңды қияндағы.
Жаспыз ғой, сондықтан да арланбаймыз,
Тiптi сәл есейiп те қалғандаймыз.
«Ақ сүтiн анамыздың ақтармыз» деп,
Қашанда армандаймыз, армандаймыз...
5
Қызыма алма ұсындым –
Оны алмады.
«Бұл деген тәттi емес» деп жамандады.
Жылайды тас-талқан боп,
Жер тепкiлеп,
Сұрайды суреттегi өлi алманы.
Шығады пәтерiмнен жалдамалы,
Шәлкестеу сәбиiмнiң салған «әнi».
«Жемiстi суреттегi әпер» дейдi,
Қай бала шикi алмаға алданады?
Жей алса ойып тұрып әперер ем,
(Тiптi олай ойлауды да қате көрем).
Күнi ертең «Айды әпер» деп шыға келсе,
Қанатсыз қайда бармақ әке деген?..
Алманы әпер дейдi қабырғадан,
Алдаудың басқа лажы табылмаған.
Сөзiмдi ұқтыра алмай мен таусылдым
Өзiмше психолог – сабырлы адам:
«Ой, мына ойбайлаған оңбағанды-ай,
Қой деймiн!..»
Екiлендi ол да қоймай...
Жарым кеп ашуыма басу айтты:
«Қайтесiң өзiң бала болмағандай?..»
6
Өзiнiң алданышын алдайды адам...
Бәрiбер бiрбет неме болмайды оған.
Шындық қой сәби деген тұнып тұрған,
Шындықты шырылдатқан қандай жаман.
О, алдау! Осыншама қиын ба едiң?
Амалсыз ашып кеттi миым менiң.
Алданған дүниеде адам қанша,
Ол тұрып, сөз болып па үйiмдегiм?
Апыр-ау, бала деймiз, өзiмiз де,
Осынау ес тоқтатқан кезiмiзде.
Алтынға қолда тұрған қарамаймыз,
Өзгенiң артық болып жезi бiзге.
Шындыққа шыншыл жолмен бармағасын,
Өзiң де екiбастан алданасың.
Көздерiн ақиқатқа ашар ма едi,
Әлемнiң жинап алып бар баласын?!
Ұшады көбелек те жарықты аңдап,
Қанаты күйсе күйсiн –
Барып қонбақ.
...Баламды алдай алмай мен отырмын,
Бiреулер жүрген кезде халықты алдап...
7
Кенеттен кiрдi кемпiр – үй иесi,
Күйгендей күйзелiп тұр дүниесi:
– Әй, бала,
Неге үзесiң көк алманы.
Көз тайса –
Iстейтiнiң ылғи осы.
Өзiңде титтей ұят бар ма? – дедi, –
Немене, әкең еккен алма ма едi.
Бәрiн жұл! Сындыр!
Қират! Ол аз десең
Қайтып кеп кәрi кемпiр – жалма менi...
...Не десем?
Жұлғам жоқ қой ашыққаннан,
Немесе, ұры емеспiн машықтанған.
Iлулi натюрмортты нұсқай бердiм,
Қалпымда аузымды ашып, сасып қалған.
Суретке кемпiр бетiн бұрып барды,
Көрдi де, сәл булығып тұрып қалды.
– Апажан, кешiрiңiз.
Мына қызым,
Әпер деп, ана алманы, ырықты алды.
Сөзiме сұсты кемпiр үн қатпады,
Әлгiнде сайрап тұрған тiл-жақ кәнi?
Барады бiрте-бiрте аузы ашылып,
Балықтай демi бiткен құрғақтағы.
Жүзiне беймәлiм бiр сезiм орнай,
Кемпiр тұр айтатұғын сөзi бардай.
Тамағын керней берiп,
Сол суретке
Тағы да қарап қалды көзiн алмай...
Жерден ап, жерге салмай масқаралап,
Бұ кемпiр жарар едi ашса қабақ...
Байқасам...
Суреттегi алмаға емес,
Тұр екен жоғарылау – басқа қарап.
Таңырқап, дау-дамайын созбағасын,
Үрейлi көрiп қалдым көзқарасын.
– Сақтай гөр!
Ызғарлысы-ай түрiнiң, – деп,
Саусағы қармай бердi өз жағасын.
Сол бастың суреттегi
Мысы басып,
Кемпiрдiң кеттi бiрден түсi қашып,
Кәрiлiк – бiрi өмiрде,
Бiрi – өнерде,
Кездейсоқ қалды солай ұшырасып.
Түрi жоқ ештемеңдi ұғар ендi.
Жуасып шадыр кемпiр шұбар өңдi:
– О, тоба!
Құдай, өзiң сақтай гөр! – деп,
Күбiрлеп,
Шегiншектеп шыға бердi.
8
Қалайша жасқа шылап тостағанын,
Суретке құмартқаны жас баланың?
Нелiктен сол суреттен бездi кемпiр,
Белгiсiз үрей билеп қас-қабағын.
Алмаға меңзесе де сөз салмағы,
Нелiктен кемпiр, тiптi көз салмады.
Кереғар құбылысқа жауап iздеп,
Қиялым дүниенi тез шарлады.
Кемпiрге әсер етсе – Адам Басы,
Баланы қызықтырған бал алмасы,
Суреттен екi түрлi сезiм түйген,
Кәрi мен жастың сырын бағамдашы.
Ұқсайды түн мен күнге
Кәрi мен жас.
Арасы әрi алшақ та әрi жалғас.
Қос сызық – екеуiнiң сезiмдерi,
Тоғысып бiр нүктеде кезiге алмас.
Сурет тұр қабырғада – сол тұрысы,
Бойында – тебуi мен тартылысы.
Сәбидi құмар қылса сұлулығы,
Кәрiнi қалтыратқан қорқынышы.
9
Ақылы әкесiнiң «аз-ақ алды»,
Түнiмен қызым жылап, мазаны алды.
Шешесi сан жұбатып байқаса да,
Қоймады,
Қоймаған соң жазаланды.
Қайтейiн
Қыңырлығы артық деп мен
Мiнезi дәл өзiме тартып кеткен.
Таяқпен түзеушi едi шешем менi,
Әйтпесе қайдан түссiн тәртiп көктен?..
Қызымның көңiлi де қаяулы едi,
Ұйықтады «пыс» еттi де, баяу демi.
Суреттi,
Сұлулықты сүйгенi үшiн
Жас сәби тұңғыш рет таяқ жедi.
10
Жолда бiз жаурап, тоңып,
Ес-шама жоқ,
Бүрсеңдеп келе жатып «баспана» деп,
Бiр алтын,
Бiр терi тон тауып алсақ,
Алдымен дәл қайсысын бас салар ек?
Киер ек әсемiн бе, жылысын ба,
Қайсысы тұрар едi тiл ұшында?
Дер ме едiк:
«Үсiп өлсек пайдасы жоқ,
Жылусыз алтын тоның құрысын да!..»
Ал сәби...
Сұлулыққа ұмтылады.
Жолында кедергi боп кiм тұрады?
Пайдасы бар-жоғына пысқырмайды,
Өнер мен өндiр сезiм ынтымағы.
Бәрi де әсемдiктiң мағыналы.
Сократ,
Ғафу етсең неғылады: –
Пайдасыз сұлулыққа ғашық болып,
Сәбиiм iлiмiңдi танымады!
11
Даладан жарым кiрдi...
Кемсең қағып,
Сөйлейдi:
– Ана кемпiр... көрсем... нағып...
– Ұқпадым, жөндеп айтшы,
Оянбайды...
Қайтедi сен үйiне келсең барып...
Мен бардым...
Терезеге бетiн берiп,
Ол жатыр тәттi ұйқыда секiлденiп.
Өткенiн дүниеден бiрден сездiм,
Шыныдай көздерiнiң шетiн көрiп.
Жатыр ол –
Үнсiздiң де ең үнсiзi.
Жүзiнен сезiледi өлiм сызы.
Бозғыл шаш,
Сұрғылт әжiм,
Сарғайған тiс...
Қашанда осындай ғой өмiр күзi...
12
О қандай қасiреттi қаза жыры...
О қандай жансыз мынау аза гүлi...
Бойдағы ең қадiрлi,
Қасиеттi
Демдi де ұрлап кетер ажал – ұры.
Тiрi адам –
Тiршiлiкке жаратылған.
Кiм оның ажалына ара тұрған.
Аңыз бар:
«Өлген жанның тыныс-демi
Сәбиге қонады екен жаңа туған...»
Қуаныш,
Күйiнiшiң,
Азабыңмен
Не жетсiн өлгенге өз ажалыңмен...
Бесiктен белiм шыға көрiп келем,
Қайғылы не бiр түрiн қазаның мен.
Мiнеки,
Мезгiл жеттi,
Кемпiр де өлдi...
Бұл күнде ажалың да сан түрлендi.
Көргем мен пышақталған,
Поезд басқан,
Көргем мен өзiн-өзi өлтiргендi...
Iшiне бiр-бiрiнiң iрiткi сап,
Бұл күнде жердiң бетi қырық пышақ.
Адамды аңдып, аулап,
Қуалап жүр
Қу ажал бомба тастап, қырып, тұсап...
Өзiнiң армандаған нұр таңына
Жетсем деп әлiн әркiм құртады да,
«Қызықты мен көрмеген сен көршi» деп,
Кетедi сенiм артып ұрпағына.
13
Кемпiрдiң екi қызы
Хабарымды ап,
Қойысты аналарын ақ арулап.
Боздап жүр:
«Қоштаса алмай қалдық қой» деп,
Осылай – өлгеннен соң Ана қымбат!..
Түрi жоқ күйеулерi қалыс қалар,
Маскiсiн түсiртiп те алысты олар.
Бiр қала...
Тұрмады ма келiп кетiп?
Кiм бiлсiн, үйлерi тым алыс болар?
Өлiмнiң қайткенмен де лебi күштi,
Басында жас қабiрдiң егiлiстi.
Жұбатты қайтып келiп бiрiн-бiрi,
Шыныға көз жастарын төгiп ыссы.
Өмiр ғой...
Өкiнiшiн тастап өтер,
Қаусаған кәрi тұрмақ жас та кетер...
Артынан айтты маған:
«Мынау үйдi
Сатамыз...
Iздеңдер, – деп, – басқа пәтер...»
Iзетпен,
Көрсетпестен ағат қылық,
Айтты олар жасағандай тағаттылық.
Ойланып қалдым мен де
Үстелдегi
Кемпiрдiң маскiсiне қарап тұрып...
14
Маскiлер...
Түсiрiлген өлгендерден
Оларды кездестiрген көп жерлерден.
Петрдiң маскiсi тұр Полтавада,
Мойкадан Пушкиндi де көргем... көргем.
Өмiрдiң рахаты мен азабынан,
Қалпында мәңгi-бақи таза арылған.
Марқұмдар маскiлерi музейде тұр,
Көргенде аза бойды қаза қылған.
Маскiлер...
Иек артып құр елеске
Илеген балшық емес бұлар әсте.
353
Қас-қағым қалғып кеткен
Тiрi адамның
Маскiде ақтық демi тұр емес пе?!.
15
Жылжыды өмiр алға,
Шектелмедi,
Үй алдым үкiметтен көп бөлмелi.
Жақтауын натюрморттың алтындатып,
Iлдiм мен қабырғаға қақ төрдегi.
Басыма бас қосылған,
Қызым өскен,
Түрiнен қиқарлықтың iзi көшкен.
Алайда,
«Натюрморттан алма әпер» деп
Қинаған қайдан кетсiн қылығы естен?
Ауылдан шашу шаша анам келген,
(Қуанып, «Үй алдық!» деп хабар бергем.)
Отырды келiнiмен шүңкiлдесiп,
Мәз болып қызығына аман көрген.
– Мал-жан бар...
Қоймадыңдар келмесiме,
Жұрт та айтты «Жатырсың деп сен несiне...»
(...Туалет, ванна, ас үй, балконды да
Үйдiң ол қосып отыр бөлмесiне.)
– Алладан тiлемеппiн бекер тiлек,
Сендердi көңiлiме етем тiрек.
Сол кезде немеренiң ең кенжесi
Қыңқ еттi:
– Әже, алма әпершi, – деп.
– Мiнеки,
Тұр екен ғой алма дайын,
Мә, жаным, ал, ала ғой, айналайын...
– Оны емес, анау тұрған алманы!.. – деп,
Немере бастап кеттi байбаламын.
Қарасақ:
Қабырғаға тамсанады,
Натюрморт алмасы екен аңсағаны.
– Қой, қарғам,
Ол – сурет қой, сен мынаны ал,
Берейiн қанша жесең – сонша, кәнi...
Еш сөздi қылар емес бала қапер:
– Жемеймiн,
Мынаны емес, ананы әпер!
...Жеңiме алма тықтым алдамаққа:
– Әперем, жылама ендi, қане, жетер.
Жүзiне беймәлiм бiр сезiм орнай,
Тұрды анам айтатұғын сөз бардай.
Тамағын керней берiп,
Сурет жаққа
Қадалып қатып қалды көзiн алмай.
Өзiнде ой мен сезiм қосқан одақ,
Өзгерген:
Басқа жанар... басқа қабақ...
Байқасам –
Суреттегi алмаға емес,
Тұр екен жоғарылау – Басқа қарап...
Сол Бастың суреттегi мысы басып,
Анамның бара жатты түсi қашып.
Кәрiлiк – Бiрi өмiрде,
Бiрi – өнерде,
Кездейсоқ қалды тағы ұшырасып.
Анамның –
(Өңiнде жоқ жаз-жарасым.)
Үрейлi байқап қалдым көзқарасын.
– Сақтай гөр!..
Ызғарлысы-ай түсiнiң!.. – деп,
Саусағы қармай бердi өз жағасын.
Елестеп
Өлген кемпiр...
Бозғыл маска...
Көзiме келiп қалған сездiм жасты.
Миымды көк найзағай ұрып өттi,
Қоздырып қайдағы бiр қоздырмасты.
Суретке қарады анам қадала кеп,
Ұмтылдым:
– Ойбай, Апа, қарама! – деп.
«Суретi құрсын бүйткен!» деп ойладым,
Маскi емес,
Маған тiрi Ана керек...
«Жан анам!
Аяулы Анам!
Қадiрлi Анам!»
Суреттi жұлып алдым қабырғадан...
Еденге бар күшiммен бiр-ақ ұрдым...
...Мысқалдап кiрдi сонсоң сабыр маған...
Қалыпты рамасы қирап анық,
Анам да айран-асыр күйде қалып:
– Қарағым, мұның не? – деп таңырқады,
Жарым жүр сынықтарын жинап алып...
16
Жапанда жатқан тасты кiм аңғарар?
Ал соған мүсiншi кеп құмар болар.
Қашауын оңды-солды сiлтегенде,
Топас тас сұлу қыздай сылаң қағар.
Тас мүсiн...
Сұлулығы, сыны үшiн де,
Тұратын кейiпкер ол гүл iшiнде.
Талайлар таңдай қағып тамашалар,
Көз қырын салмаса да тiрiсiнде.
Сұлулық!
Тартпадың сен кiмдi өзiңе?
Асылсың бермейтұғын тым кезiге.
Ешкiм де ерiккеннен қарамайды,
Көзi әбден қарыққанша күн көзiне.
Талайлар жанын саған етiп құрбан,
Жаққан ғой шырағыңды өшiп тұрған.
Көркiне ағаш аттың қызыққаны –
Түбiне Трояның жетiп тынған.
Сұлулық!
Сенiң сазың еркелесе,
Жүйткидi болашаққа Жер кемеше.
Кей марғау ұйқысынан оянбас та едi,
Сенi көп Герострат өртемесе.
Сұлулық!
Жарып шығып қабiрiңдi,
Жүрекке жүргiздiң сен әмiрiңдi.
Өз атын шығарам деп әлгi малғұн,
Аңдаусыз арттырды ма қадiрiңдi?
Серпiлтiп қайғы бұлтын төнiп келген,
Өзiңсiң сұр өмiрге көрiк берген.
Бабаның бас сүйегiн қазып алып,
Мүсiндеп жүрген жоқпыз ерiккеннен!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу