01.09.2022
  14998


Автор: Ұлықбек Есдәулет

Қара пима

Бірінші тарау
I
Алай да дүлей ақ боран,
Ысқырып,
ұйтқып,
бұрқырап.
Аттаған жанды қақпадан,
Қақпақыл қылар жұлқылап.
Апшысын жердiң қуырып,
Аранын аспан ашқандай.
Ақ бұлттан қылшық суырып,
Алапат күшпен шашқандай.
Мына үй жансыз сықылды,
Күртiкке кеткен көмiлiп.
Мұржадан шыққан түтiндi
Жатыр ма жалмап жел үрiп?
Түтектен түк те көрiнбес,
Үйшiкте жатыр ит бұғып.
Үйдегi бала көз iлмес,
Көңiлiн көп ой күптi қып.
II
Төсектен қолы салбырап,
Қорылдап жатыр әкесi.
Жабағы мұрты жалбырап,
Бораннан келген бетi осы.
Келдi де, мiне жығылды
Арсы да гүрсi киiмшең.
Сақалын қойған қыруды,
Сықпытсыз көрсең түрiн сен.
Түнерiп қыртыс қабағы,
Жөтелiп қояр әредiк.
Төсектен жерге тамады,
Етiктiң лас қары ерiп.
Түймеден түк жоқ тондағы,
Шалбардың анау жыртығы.
Әйелi қайтыс болғалы,
Iшiп жүр, мiне күн-түнi.
Iшуге сылтау табылар,
«Iшемiн, – дейдi, – күйiктен».
Қызған соң айтар әнi бар:
«Өмiр-ау, неткен сүйiктi ең!».
III
Баланың жайын еске алып,
Көршiлер күнде келiп жүр.
Жылы ұстап үйдi, пеш жағып,
Уақтылы тамақ берiп жүр.
Басқалар жуып киiмiн,
Күтiмiн алған баланың.
Еденiн сүртiп үйiнiң,
Қарасып қояр сабағын.
Қаршадай ғана жетiмек,
Өзегiн өртер нала-мұң.
Шөлдейдi шерлi көкiрек,
Мейiрiмiне Ананың.
Әкесi болса күнде мас,
Қалғалы қашан жұмыстан.
Ақылды ешбiр тыңдамас,
Достармен түгел ұрысқан.
«Iшудi қой» деп келгенде,
Жанашыр достар,көршiлер.
«Қоямын мұны өлгенде,
Арағың болса, бершi» деп.
Салса да талай жиналып,
Түспедi пайда талқыдан.
Серт берсе бүгiн қиналып,
Қайта iшiп кеткен артынан.
Қызып ап кейде «сорлым» деп,
Құшақтап ұлын жылайды.
«Арақты ендi қойдым» деп,
Төсекке барып құлайды.
Әкесiн сонда бас салып,
Кемсеңдеп,
ернiн тiстелеп,
Көзiнен ыстық жас тамып,
Жалынар:
«Әке, iшпе!» деп.
Әкесi, бiрақ оянса,
Ауырған басын уыстап,
Тордағы байғұс қоянша,
Құнысып бойы құрыстап.
Түк таппай қойнын ақтарып:
«Сен барсаң берер көршiлер,
Пәленнен қарыз ақша алып,
Дүкенге барып келшi» дер.
«Қалтамда түгiм қалмады,
Өртейдi қайғы iшiмдi.
Жазылса басым болғаны,
Қоямын, – дейдi, – iшудi».
Айықпас iшсе жетiлеп,
Уәде талай желге ұшып.
Өткiзiп шөлмек кетiп ед,
Бүгiн де мiне келдi iшiп.
Бiреудi сыбап дөрекi,
Қызара бөрткен сиықпен.
Былдырлап жатып қор еттi:
«Өмiр-ау, неткен сүйiктi ең...»
IV
Көршi кеп мiне бүгiн де,
Әзiрлеп тамақ балаға:
– Дайындал, – дедi, – жүруге,
Барамыз ертең қалаға.
Басылса мынау борасын,
Жүрермiз ертең, қарағым.
Оқитын ендi боласың
Интернатында қаланың.
Ол жерде, жаным, бәрi бар,
Ғажайып әсем мектебi.
Жақсы ұстаз, дос та табылар,
Ол жақта қызық көп, тегi.
Мұз айдын қандай ол жерде,
Барғанда өзiң көресiң.
Бередi коньки сендерге,
Достармен бiрге тебесiң.
Бiр үйде тұрып көп бала,
Сабақты бiрге қарайсың.
Ойнайсың бәрiң топтана,
Баруға, кәне, қалайсың?
– Әкем ше?
– Әкең емдеуде
Азғана уақыт болады.
Емделiп үйге келгенде
Iшудi мүлдем қояды.
– Ура! – деп бала қуанып,
Мұңайып сосын:
– Итiмдi
Жүрейiн, – дейдi, – бiрге алып,
Қимаймын, сондай сүйкiмдi... V
Тiзесiн құшып диванда,
Бiр кезде Бала мызғыды,
Бiлмейтiн сынды тұр ма алда
Тағдырдың ащы тұздығы?
Гуiлдеп боран далада,
Көшенi қармен көмедi.
Түсiнде Бала қалада
Зырлатып коньки тебедi.
Интернат...
Айдын....
Жап-жарық...
Көп адам...
Бұл жүр iшiнде...
Анасы бұған таң қалып
Қарап тұр екен түсiнде.
Жанары қандай, жанары!
Мейiрiм тұнған шүпiлдеп.
Сүйедi келiп Баланы:
– Бармын ғой, жаным, шүкiр... – деп.
Бетiне бетiн тақап тым,
Бала айтар:
– Ендi кетпе! – деп.
– Сабақтан кеше екi апсың,
Өзiңе қалдым өкпелеп.
Кетемiн!..
Бол, – деп, – хош-аман... –
Анасы ғайып жоғалды.
– Кетпешi, Апа, «бес» алам!.. –
Кемсеңдеп Бала оянды.
Жуыпты бетiн көз жасы,
Ойында Ана елесi.
Зеңiптi басы болмашы,
Тоңазып қапты денесi.
Әкесi басын көтерiп,
Акырды қолы дiрiлдеп:
– Жылағаныңша кет өлiп,
Бастама жаман ырым! – деп.
VI
Әзер деп басып солығын,
Әйнектен тысқа қарады.
Аспанда нұрсыз өлi Күн,
Еңкейiп кетiп барады.
Бәсеңдеп боран тынысы:
Борайды жердi бауырлап.
Әкесi тұрды тырысып,
Қабақтай басын ауырлап.
Естiлдi сырттан ысқырып,
Отыр бұл неғып жөнемей.
Ойнап жүр бәрi,
Үскiрiк,
Бұрқасынды да елемей.
«Достарым жүр ғой далада,
Отырғанша үйде қамалып,
Кетем деп ертең қалаға,
Айтайын да бiр жаңалық!..»
Киiнбек едi...
– Отыр! – деп,
Әкесi тыйып тастады.
– Салып қой пешке отын! – деп,
Қалтасын қармай бастады.
Киiм жоқ
Тесiк тиын жоқ,
(Бiр кезде болған, әрине!).
Үйде де ешбiр бұйым жоқ,
Араққа салған бәрiн де.
Сатылған:
Қой мен сиыры,
Домбыра, сағат, кiлем де.
Жарының бүкiл киiмi...
Табылмас қазiр бiрi емге.
Ойында шөлмек «күлiп» тұр,
Ғашығындай боп ең қымбат.
Шытынап басы сынып тұр,
Шағады миы солқылдап.
Қалтасын қайта сiлкедi,
Қазына тауып алардай.
Көзiмен үйдi тiнтедi
Сататын нәрсе таба алмай.
Сенделген сарсаң күйiмен,
Шөлiркей аңсап қимасын.
Қолтықтай шықты үйiнен
Ұлының қара пимасын.
Жалынышты үнмен тiл қата,
Жанында ұл жүр айналып.
– Пимам ғой менiң бұл, Папа,
Барасың оны қайда алып?
Ызалы жүзi ызғар боп,
Әкесi:
– Кетшi ей, – десе де,
– Баласы:
– Пимам, пимам! – деп,
Бiрге ере шықты көшеге.
Жабысты жолын кес-кестеп,
Көз жасы тарам-тарам боп:
– Пимамды, әке, тастап кет,
Қалаға қалай барам?.. – деп.
VII
Кешкiрген мезгiл.
Тауықтар
Шақырып жатты қорада.
Табанын кеттi қарып қар,
Елейтiн оны Бала ма?!
Қызараң қақты күртiктен,
Жалаңаш тобық сол шақта.
Мөлт еткен тамшы кiрпiктен
Айналды мұзды моншаққа.
Қамшыдай қатқан түрi бар,
Әкесi басты аршындап.
Қабаған иттей сүрi қар,
Табанда жатты арсылдап.
«Пимамды қалдыр, папалап»,
Баласы қалмай жүгiрдi.
Шарт етiп шойын шапалақ
Омбылап қарға жығылды.
Қанғандай содан айызы,
Әкесi ұзап барады.
Қанды қар болып ауызы
Соңынан Ұлы қарады...
Үскiрiк үрлеп есiрдi,
Әкенiң үзiп қарасын.
Етiктiң iзiн өшiрдi,
Жүгiрiп жаяу борасын.
Дегендей «ендi өшемiн»
Күн бетi күңгiрт тартты да,
Сапырды қарын көшенiң,
Қаһарға мiнiп «қарт құда...»
Екінші тарау
I
Мынау үй жансыз сықылды,
Күртiкке кеткен көмiлiп.
Мұржадан шыққан түтiндi
Жұта ма, әлде жел iлiп?..
Бастырған мұртын сәндi етiп,
Нар кеуде,
Тiп-тiк иық кең.
Келедi бiреу әндетiп:
«Өмiр-ау, неткен сүйiктi ең!».
Оралды сол бiр кеткеннен,
Үйiне әке «емделiп...»
Есiкте құлып...
Жоқ пенде...
Аш ит жүр жалғыз сенделiп...
Есiкке жеттi ентелеп,
Жинаған жандай бұл есiн.
Ит қана келiп еркелеп,
Қарсы алды жалғыз иесiн.
Қаңырап жатыр тұрағы...
Абдырап, сасқан күйiнде.
Бара сап ұлын сұрады
Көршiнiң кiрiп үйiне.
II
Күмiлжiп көршi:
– Ден сау ма?
– Ұлымды?
– Ұлың – қалада...
– Интернатта ма ол сонда?
– Жатыр ғой ауруханада...
– Науқас па?
Қалай?
Қай уақтан?
– Айтады «суық шалған» деп,
Боранда, бiлем, көп жатқан
Ұлың – сау...
Түк те болған жоқ...
Жығылып жатқан жерiнен
Балалар тауып алыпты.
Бұрнағы күнi барып ем –
Берi қарап бетi қалыпты.
Қорқатын түк жоқ... Бiтедi
Ойдағыдай боп бәрi де...
Өзiңдi ылғи күтедi
Қарамай жатып әлiне.
Бәрi де жақсы...
Жазылар...
Үйiңнiң мiне кiлтiн ал.
Жартылық пенен қазы бар,
Бойыңды аз-мұз жылытып ал...
– Атама! Ұрттап тағы мен...
Құрысын...
Болғам шаталып...
Ұлыма сыйлық алып ем,
Берейiн соны апарып...
III
Қар күреп болып,
Пеш жағып,
Келтiрдi үйiн бап күйге.
Жары мен ұлын еске алып,
Жападан-жалғыз жатты үйде.
Өртенiп жатыр өзегi,
Ұзақ түн едi бұл неткен?!
Ағады ойдың өзенi,
Түбiне ойдың кiм жеткен?!
Өзiнiң өткен өмiрiн
Қараса барлап,
Саралап:
Қыруар жұрттың көңiлiн
Жұтатқан екен жаралап...
Дүниеден өтiп жан-жары,
Басына қайғы түскенде,
Ұмыт боп үйi, мал-жаны,
Салынып, тозып iшкенде.
Жанашыр дос пен жақыны,
Ақылмен де айтты, ұрсып та.
Достардың бiрақ ақылы
Қонды ма мұндай қырсыққа?!
Тыңдамай өскен жасынан
Өзiнен басқа ешкiмдi.
Асқанда барып басынан
Қатесiн ендi кеш бiлдi.
Тұғырдан өзiн құлатқан
Iшкiлiк десе жеркенiп,
Өкiнiш пенен ұяттан,
Өлердей болды өртенiп.
Терiс бiр жолға түсiп ап,
Тайғанап,
Құлап,
Құлдырап.
Жiгерi құм боп, пышырап,
Жоғалғанда үмiт бұлдырап...
«Құрыған,
Бiткен адам» деп,
Қол сiлтеп кетпей достары,
Тегiн бе бұған алаң боп,
Қатарға әкеп қосқаны?
Басынан өттi-ау қилы күн,
Ол күннен мүлде безiндi.
Ұлына алған сыйлығын
Құшақтап ендi көз iлдi.
Өкiнiш...
Нала...
Мың күдiк...
Өң менен түстiң арасы...
Жатқандай болды шыңғырып,
«Пимамды бер!» деп баласы...
IV
Таңертең келген үйiне,
Достарын көрiп шаттанып.
Шайдан соң буып-түйiне
Ұлына кеттi аттанып.
Қобалжу енген түрi бар,
Келедi әке аршындап.
Қабаған иттей сүрi қар
Табанда жатты арсылдап.
Сан сезiм iште арбасып,
«Ұлым...» деп жаны езiлген.
Уайым-күдiк алмасып,
Көңiлден күлкi безiнген.
Самолет дейтiн құспенен
Жедел-ақ жеттi қалаға.
Ақшаңқан автобуспенен
Тiрелдi ауруханаға.
V
Ақ төсек.
Аппақ бөлмеде
Шалқалап жатқан көрдi ұлын.
Тұрмайды атып ол неге?
Танымай ма әлде, келдi кiм?
Қарады өңi қуарып,
– Келдiң бе, әке?! – деп Бала.
Жатқанын оның қуанып
Жанары айтты тек қана.
Қазақы қара көздерi,
Қарайды мұңмен жаудырап.
Абыржып әке төзбедi,
Аузынан сөзi саудырап.
– Бармысың, жаным, балам-ай?!
Соңына назар салмастан
Жылатып кеткен қарамай,
Әкеңдi кешiр алжасқан...
Қалайсың?
Тәуiр болдың ба?
Естiдiм суық тидi деп.
Келдiм ғой жер боп мен мұнда,
Кешiр... – деп ұлын сүйдi кеп.
Сонан соң сасып, күйбеңдеп,
Суырып сәлем-сауқатын.
Шығарды «мынау үйден» деп,
Әкелген асын-ауқатын.
– Сыйлығы да бар әкеңнiң
Шыққанда өзiң кисiн деп,
Жап-жаңа пима әкелдiм,
Аяғы тоңбай жүрсiн деп!
Бұрқырап боран борасын,
Тоңбайсың ендi сен, әсте?!
Қарашы, мiне, қарашы,
Тамаша пима емес пе?!
Жөтелден сонда қиналып,
Қолымен басып өкпенi.
Баласы:
– Ендi пиманың...
Қажетi маған жоқ... – дедi.
– Не дейсiң?
Не-е, – деп, – құлыным? –
Бойынан қайрат, әл кете,
Ақ жамылғыны ұлының
Үстiнен жұлып алды әке.
Қараса... кеште баяғы...
Пиманы сатып ант ұрған...
Үсiген екi аяғы...
Кесiлген екен балтырдан!..
VI
Аһ ұрды әке қинала,
Қолынан сусып жабылды
Көмiрдей қара пимаға
Ақ қардай аппақ жамылғы...
Сәл ғана тершiп шекесi,
Баласы жатыр қалжырап.
Еңiрегенмен әкесi
Босаған да жоқ Ол, бiрақ.
Көзiне қалған мұң ұйып,
Есейген, ойлы пiшiндi.
– Әке, – деп әрең жымиып,
Қойдың ба, – дедi, – iшудi?..
Дәрiгер кеп дәрi-дәрмекпен,
Өлшедi Бала қызуын.
Жатыр ол тыңдап
Әйнекте
Ұшқан бiр шыбын ызыңын.
Шыбынды қуды маңынан,
Қолға алып дәрiгер шыбығын.
– Тимеңiзшi, апай, – жалынам,
Ол, – дедi, – менiң шыбыным...
Әйнектен сәуле бөлшек боп,
Әкенiң түстi басына.
Бұл, әлде оның сол сәтте
Ағарып кеткен шашы ма?..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу