Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  112


Автор: Ұлықбек Есдәулет

«ҚОЛЫҢНАН НЕ КЕЛЕДI?..»

Қалқам!
Менiң қолымнан не келедi? –
Түзей алам қисайған керегенi.
Қапалының қайғысын бөлiсе алам,
Туыспайтын туыстай кемедегi.
Жанарымды жатса да аспан арбай,
Ұшпаймын мен ғарышқа басқалардай.
Жерден жетi қоян да таба алмаспын,
Ғалым емен ғұлама қасқа маңдай.
Жата берсiн мұхиттар толқын атып,
Жерде жүру мен үшiн жарты бақыт.
Бiрақ та мен...
Кешкiлiк шаңын үрлеп,
Жұлдыздарды қоя алам жарқыратып.
Жан-тәнiммен ғашықпын нұрлы күнге,
Жұртқа шуақ себемiн тiрлiгiмде.
Қолыменен бiреудiң от көсемен.
Айдап сала бiлмеймiн бiрдi бiрге.
Ақынмын мен,
Жыр тартам қоғамдасқа,
Не келедi қолымнан одан басқа.
Тәңiрмен де тең тұрып тiлдесер ем,
Өзi келiп алдымен амандасса.
Тағдыр да бiр шығайбай – шық бермейдi,
Серiлiктiң заманы бiткен дейдi.
Сәулем, сенi мәңгiлiк сүйе аламын,
Одан басқа қолымнан түк келмейдi.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу