Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  64


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ТҮЙМЕ

Жадыңда болар қысқы бау,
Ақ көбiк қардан аумаған,
Сары аяз сорып жаураған
Бетiңдi қармен ысқылау.
Жадыңда болар қысқы бау:
Қыраулы қайың теңселiп,
Қырауын бiзге жел төгiп,
Сарсаңды күйге түстiк-ау.
Сары аяз сүйген жүзiңдi
Құмартып сонда сүйгенмiн.
Албырап пiскен жүзiмдi
Тамсадым ба деп түйгенмiн.
Кеткен жоқ әлi ұмытылып,
Қалғаныңда әнтек бұлқынып
Үзiлгенi бiр түймеңнiң.
Ақ көбiк қардан сол түйме
Табылмай қойды-ау, табылмай.
Қараймын бүгiн сол күнге
Аулақтап кеткен сағымдай.
Мен кеткем басқа жолменен,
Қалғансың iздеп түймеңдi.
Үйренген екем сонда мен
Сүймейтiн жанды сүймеудi.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу