Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  154


Автор: Ұлықбек Есдәулет

Аға

Мен сенi, Аға, тұнық таң
Нұр өргенiнде iздедiм.
Аптығып жүрiп тұйыққа
Тiрелгенiмде iздедiм.
Өзiңмен қатар қыздарды
Ұшыратқанда iздедiм.
Көзiмнен
Ойлап күндi алғы
Ұшқын атқанда iздедiм.
Жаныма талай iзгi ойлар
Бөктергенiмде iздедiм.
Жұп жазбай жүрген кездi ойдан
Өткергенiмде iздедiм.
Iздедiм сенi көктемнен,
Бақ малынғанда шықтарға.
Iздедiм сенi көк белден
Ақтарылғанда Бұқтарма.
Көктемi өтпей қызғалдақ
Ерте өлгенiнде iздедiм.
Кеудемдi жалын-мұң қармап,
Өртенгенiмде iздедiм.
Жапанда алар бiр тыным
Пана жоқ болғанда iздедiм.
Жауыма атар мылтығым
Дара оқталғанда iздедiм.
Iздедiм сенi ұшқанда
Ширыққан күйi шектердiң,
Шұғыласы келiп құшқанда
Өзiңнен қалған көктемнiң!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу