Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  115


Автор: Ұлықбек Есдәулет

Құр құдық

Құрығына көнбей құлдықтың,
Сырығына төзбей сұмдықтың,
Ар үшін безіп жанынан
Арманда кеткен мұңлық кім?
Обаған көмей жебір жер,
Оны да ойсыз қылғыттың.
Құдыққа солай құлады
Құланы күллi құрлықтың.
Құдықтың қуыс түбінен
Ұмтылған Айға шындық – шың;
Қайрылар бізге түрі жоқ
Құмартса дағы кіл мықтың.
Кәусарын берер сол құдық,
Жылжыса жылдар, сырғып күн.
Таза ақыл менен жүрексіз
Бар ма екен құны тірліктің?
Әркiмнiң жаны – құр құдық,
Түбiне қандай сыр бүктiң?
Ішіңнен қазған құдыққа
Кімді әкеліп, кім жықтың?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу