Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  45


Автор: Ұлықбек Есдәулет

Домбыраны қорлаған үй

Домбыраның дүмнен сынған мойынын
Дәретхана тазартуға қойған кiм?
Көрдiм дағы ойландым:
Мынау сағақ күй ұшқан,
Мынау құлақ ән бұлағы құйысқан,
Перiштелер ұялаған пернелер
Менiң мұңлық өз көңiлiммен туысқан,
Сусып шығып уыстан
Домбыраның киелi аққу мойыны
(Құдды құнсыз қотыраштың сойылы)
Қалай ғана орын алған қуыстан?
Мынау неткен мешiндiк пен мешеулiк:
Жау түсiрер көк найзаны көсеу қып.
Айға бiлер алдаспанды боққа сап,
Дүмше дәлдүр көрсетпек пе көсемдiк?
Мынау сүңгi бұдан былай сұстанбас,
Бұл бұтаққа бұдан былай құс қонбас...
Саусағынан сыр саулатқан сиқырлы
Сүмбiл қолға бұл домбыра ұсталмас...
Байғұс жүрек, шошы мейлi, шошыма,
Домбырамен сен де жыла қосыла.
Жақсылықтар озды деген заманда,
Жамандықтар тозды деген заманда
Жеткен жерiм,
Шыққан төрiм осы ма?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу