Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  60


Автор: Ұлықбек Есдәулет

НАМЫС ТУРАЛЫ БАЛЛАДА

Бiздiң көлде қамыс бар едi
Жайқалған.
Бiздiң елде намыс бар едi
Найқалған.
Нар қамыс кеттi өртенiп,
Ар-намыс қалды ерте өлiп,
Қайтадан ендi көктер ме шiркiн, әй, қайдам?
Жоққа да жүйрiк жетер ме? –
Айта алман деушi ем, айта алман!
Бар екен, шүкiр!
Болыппын күпiр бекерге,
Мың тағзым саған
Мiрден мерт болған қайсар жан!
Шер жұтқан қазақ шөлдептi,
Тiрi екен Намыс, өлмептi!
Намыс бар екен, жаратқан,
Көзқаман билiк көздей де көздей боратқан
Кеудесi шұрық, көңiлi сынық әр оқтан!..
Кiсәпiр көрсе мүсәпiр болып қалмайтын,
Өр Намыс осы ерлiктiң жолын жалғайтын,
Мирас боп қалған Бейбарыс, Бекет, Барақтан!
Намыс тiрi екен!
Қалыпты бiрақ сансырап,
Бұғаулап, бұрап,
Дүрелеп, ұрып, қамшылап,
Шауып та жатыр, атып та асып, азаптап,
Шұбырып қаны, тамшылап,
Шығарда шықпай жан шыдап,
Жаралы Намыс берiспей жатыр қансырап,
Найзағай Намыс – қазаққа бiткен шамшырақ!
Алашқа бiткен тамшы бақ! –
Намысың тiрi тұрғанда
Бұйым болып па,
Басыңа түскен сан сынақ!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу