Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  78


Автор: Мақпал Жұмабай

Тамшылар ойнап таңменен

Тамшылар ойнап таңменен
Асфальттің бетін тұр сүйіп.
Бәрібір, зәулім әрлі емен,
Мендегі арман тым биік.
Гүрілдеп ұшақ аспанда...
Зырқылдап кетті маңдайым.
Жоспарлап жатам ақшамда
Ақ таңдарымның жағдайын.
Қайнаған қала-орманның
Сүйкімдісін-ай, кештің де,
Жүрегім менің, арманның
Томағаларын шештің бе?
Көгалдарменен, гүлзармен,
Көбелек қонды мүйіске,
Жарқылдақ қала, сендермен
Жаным қалғуы тиіс пе?
Дүлейлеу дауылдардан соң,
Бағынбан ережелерге.
Сәулемін жауындардан соң
Қарайтын терезелерге!
Жұлдызды төсеп жолыңа...
Даланың әні күмбірлеп,
Көгершін-арман, қолыма
Қондырып алам бір-бірлеп!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу