Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  91


Автор: Мақпал Жұмабай

Өмір, өмір, асауым, күлкің қайда....

Өмір, өмір, асауым, күлкің қайда,
62 тамырда бүлкіл қайда?
Айнакөлді айналып аққу болып
Жұдырықтай жүрегім бұлқынбай ма?
Қалықтайды заңғарға, қыран шыңға,
Мына күннің қабағын ұға алдың ба?
Ешкімнен жеңілместей болып жүрген
Жалғандықпен күресіп жыға алдың ба?
Үкісі үлпілдеген үміттердің.
Мен сенің жанарыңнан күдік көрдім.
Қасында бақытыңның қасқайсаң да,
Басында жүрмегейсің бүліктердің.
Сен өзің жанардағы мұңды ұқтың ба?
Бағасы арзандады-ау шындықтың да!
Ешқашан мен түсінбес, ол түсінбес,
Иесі болады екен сұмдықтың да.
Баласың ба, сен өзің, данасың ба,
Жоқ, әлде, жазылмайтын жарасың ба?
Неге осы ізгілік пен жақсылықтар
Көп емес адамдардың санасында.
Бір-бірінде қалғандай берешегі
Адамдар адамдармен егеседі.
...Жек көру қолымнан түк келер емес,
Өмір-ай, жақсы көрем неге сені?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу