Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  111


Автор: Байыт Қабанұлы

Жүр асылым сен екеуміз сонау алыс

Жүр асылым сен екеуміз сонау алыс
тау ішіне барайық,
Барайық та өзімізге өзге көзімізбен қарайық.
Жанымызды, тәнімізді жапырақпен жабайық,
Таудың ұлын, таудың қызын тау ішінен,
тал ішінен табайық.
Сен өзіңді
тау ішінде жалғыз жүрмін деп түсін,
Жалаңаштан; жас денеңе таңдап тауып
жапырақ пен жасыл шөптің ептісін.
Киім жасап киін дағы
қарақат пен бүлдірген тер асықпай,
Жасыл дала кеудесінде жаратылған сол
қалпымен тұрсын сұлу ет мүсін.
Мен де өзімнің ерлігімді,
сенің әйел екеніңді ұмытайын
басқа түрге енейін,
Рухымды алып қалып ет денемді
дала деген төркініме
аз уақыт берейін.
Содан кейін жалаң аяқ
таңғы шөптің шығын кешкен,
аяқ “саусақтарының”
Арасына қыстырылған су шөптерді ... дірілдеген
нәзіктікті көрейін.
су шөптерді ... дірілдеген нәзіктікті көрейін,
Саған арнап сары, қызыл, көк шөптерден асыл
алқа өрейін.
Жеміс жидек тергендегі саусағыңның ұштарына
қадалған,
Нәзік нәзік тікендерді
тісімменен тістеп алып берейін.
Төскейінде ақтық, пәктік ұялаған
төркін дала төрінен,
Мен көрейін барша мына дүниені
қоспасы жоқ сетер дала өңімен.
Сенің өрмей желбіретіп бос жібереген
шаштарыңа жабысқан
Дархан дала бөлшектерін
түсірмей-ақ қой еркешім
бірге жүрсін сенімен...
Сосын қайтып сен ару қыз, мен ер жігіт қалпыма
кеп түсейін,
Ер жетейін пісейін.
Ен даладан жаратылған елік еркем
жел аңқыған, күн аңқыған
маңдайыңнан иіскеп,
Дала аңқыған жас денеңнен
өр даламның өрт сусынын ішейін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу