Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  67


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

Шайтанның шеруі

Күл болғанда қауызынан гүл,
От басқанда қынаны,
Айдаһардың аузынан бір
Сары Шайтан шығады.
Шайтан өртке араласып,
Сақ-сақ күлсе бір ұшып, -
Періштелер қара басып,
Қалады екен бүрісіп...
Өртті өрге түре айдайды,
Жасылына жақындап;
От болмаса жүре алмайды,
Күле алмайды сақылдап.
Ой мен қырға оқша ағады,
Қос обаны қоса аттап,
Ел мен ерге от салады,
Қу мен сұмды қосақтап!
Сасықтар мен пасықтардың
Санасында күледі ол,
Қан жылаған ғашықтардың
Арасында жүреді ол.
Түлкі бұлаң түрін көргем,
Абылайдың асында.
Ол жүреді сұлу көл мен,
Сұлушаштың қасында!
Билік пенен күшке көнді,
Қараған жок күшсізге.
Ол қазақты үшке бөлді,
Бөледі енді 300-ге!
Езулеп кеп емеді де от,
Бүркеді оны гүлге кеп.
Оған нұрдың керегі жоқ,
Оған қара түн керек.
Сұлу көздің қиығында
Жүреді де жарқылдап:
Сұмырайдың иығында
Күледі кеп қарқылдап!
Қарағайға қарғып жетіп,
Қара орманның ішінде,
Көзі ілінсе қалғып кетіп,
Күл көреді түсінде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу