Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  85


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

Тәтетай, сары уайым, ой - қақтанып...

Тәтетай, сары уайым, ой - қақтанып,
Жазбаймын баяғыдай ойнап шабыт.
Бір құйын Ойрантаудың басынан кеп,
Жүреді біздің үйде ойнақ салып.
Сол құйын баса алмай жүр солығын да,
Менімен ұқсастық бар порымында.
Біздің үй жоқ қой, Тәте... құлап қалған,
Жүреді ол біздің үйдің орынында.
Ойрантаудан басқаға көнбей келіп,
Құяды ол сол қорымға селдей болып.
Жүреді ол біздің үйдің жұртында ылғи,
Күледі ол сақ-сақ етіп мендей болып.
Таныдым өзімді оның келбетінен,
Бұрқанып мен де солай селдетіп ем.
Түстім де Ойрантаудан құйын болып,
Дауылдап жөнеп барам Жер бетімен.
Мен кеткем көл боп елден омырауым,
Баяғы қоңыр тірлік, қоңыр әнім.
Ашады ол небір зілдей есіктерді,
Басады ашпай қойса қоңырауын.
Ойран сап осы жұртта ол да, сірә,
Көз жетіп көңілі мәз болмасына,
Бейітті сендер жатқан шыр айналып,
Жөнейді Ойрантауға - ордасына.
Быт-шыт боп жатыр жұртта айран кесем,
Бұ дүние ойран екен - сайран десем.
Сол құйын жүрген кезде мені есіңе ап,
Орныңнан бір аунашы, қайран шешем.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу