Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  73


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

ҒҰМЫРНАМА

Жүректі шер ғып, құса ғып, көзімді жаңа ашқанда
Әкемді ажал құсы алып, әкеткен түпсіз аспанға.
Тағдырдың жасы мол көзде, жасау да қиын иелік.
Мен құлай беріп... сол кезде, анама қалғам сүйеніп!
Тірліктің тарау жолымен жүргенде жүдеп жас жаным,
Көзімнің жасын қолымен сүрткен кеп ауылдастарым.
Жаралған жаным шуақтан –
Суықтан қалса қысылып,
Достарым келіп жұбатқан халімді менің түсініп.
Жаралап кетсе пасық кеп жаралған жанды кіл оттан,
Рухыма менің ғашық боп бір әйел бар-тын жұбатқан.
Жырларым менің ұнаған, мен танымайтын бір адам
Жаладан ақтап, күнәдан, жаныма сауға сұраған.
Мен – тірі.
Ғұмыр сүремін қарамай тағдыр кәріне,
Бұлқынған бала жүрегім қарыздар соның бәріне.
Аң-таң ғап көп ел сұрағын алдыма тартқан талай кеп
«Мұрап та болмай, мұғалім... ақын боп
кеттің қалай?» – деп.
Бәрі де мұның ғажап-ақ, ғажап-ақ мынау сұрақ та:
Мұрап та болып азамат жетеді асқақ мұратқа.
Бөлмегін мені елімнен. Болмаса қайтем қол шебер?
Мұрап та болар едім мен –
Мұратым тек сол болса егер!
Ақын боп кеттім:
Тастарға шуақ боп тамып қайтсам, – деп,
Айқайлап тұрып аспанға анашым жайлы айтсам! – деп.
Даламның болып ақыны, көз салып ойы-қырыма,
Ананың бәрін ақыры алыппын қосып жырыма.
Сұрама менен дерегін, айналды дерсің, о, демде,
Ошағым жайлы өлеңім – Отаным жәйлі өлеңге!
Түсіне көрші сырымды, шабытым алып ұшқанда:
Достарым жәйлі жырымды оқуым керек дұшпанға!
Жаралап кетсе пасық кеп жаралған жанды кіл оттан,
Рухыма менің ғашық боп бір әйел бар-тын жұбатқан.
Деймін мен сол бір аруға:
«Жаныңды мұңға жеңдіріп қызғана көрме!
Қой енді...
Сен жайлы жазам деп жүріп
Жырлаппын бүкіл әйелді!»
Қанатты жырым жүреді сені іздеп, ұшып, қараңдар:
Бір соққан ізгі жүрегі, мен танымайтын адамдар!
Соғыстан, өрттен өлермен кеудеңде жүр-ау дерт өріп?
Өздерің жайлы өлеңнен кетем-ау бір күн өртеніп!
Қанбайды ұйқым бал таңда, кеудемнен жалын от өріп,
Жер шары – бала – арқамда, келемін соны көтеріп!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу