Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  355


Автор: Сәуле Досжанова

ӘПКЕ СЕНІ САҒЫНҒАНДА

Нұржамал Бидайбекқызына
Тағдыр шығар...
«Әпке» дедім мен сені,
«Жезде» атанды қайран әке еңселі.
Алыс жүрдім, жатқа туған баладай,
Арманымның жырақ жайып желкенін.
Тағдыр шығар...
Жас босанып ауырдың,
Жақпады деп табиғаты ауылдың,
Мені беріп жеңешеңе кетіпсің,
Бақытына бола туған бауырдың.
Балаға зар жүрген ағаң мәз болды.
Қысқа айналған тіршілігі жаз болды.
Нәрестенің тәтті үнімен жадырап,
Көңілінің көліне аққу-қаз қонды.
Орта жаста шаңыраққа шам жанып.
Мұңлықтардың тірліктері жанданып,
Балдырғанның балдай тілін қызықтап,
Өсіріпті қылығына таңданып.
Жел тигізбей, құс ұшырмай басынан,
Құлыншақтай жібек байлап шашына.
Өсіріпті жалғыз қызын жан ағаң,
Адамдарға мейірлі етіп жасынан.
Кештерде әке түрлі күйлер шертеді.
Ана құйып құлағына ертегі,
Өскеннен соң жалғыз қыздың өмірге
Ән жырменен өріліпті өркені.
Ғажап-ғажап кітап болып серігі,
Өлең бопты өмірінің көрігі.
Өнер қуып Алматыға аттанды
Ата-ананың баурындағы елігі.
Он жетіге толған еді сол жылы,
Арман алда, үміттің тоқ қоржыны
Жолға шығып тұрғанында кездестің
Автотұрақ бекетінде Шонжының.
Көре қалып, жан-дүниең кетті еріп,
Тамағыңа ащы өксік кептеліп.
Құшағыңа баса алмадың, тұрдың ба
Әлде ағаңа құрметтен шектеліп.
Ол да саған қарап тұрды суықтау,
Ойында жоқ, бауыр тартып жуықтау.
Он жеті жыл көрмегенмен жүретін
Атыңды естіп, әпке ғой деп туыстау.
Әйел жүрген жерде әңгіме жатқан ба,
Өсекшілер аз емес-ті Ақтамда.
Бетіне кеп айта салды: «Сені анаң
Ағасына беріпті деп тапқанда».
Ақ самайлы әйел солай дегенде,
Сәби жүрек қалғандай боп көгенде,
Ауызынан шығардайын атқақтап,
Басы айналып, сұлап түсті еденге.
Орақ ауыз кете берді қайқаңдап,
Бала ешкімді шақырмады айқайлап,
Басылған соң жүрегінің дүрсілі,
Тұрды орнынан, үйге тартты тәй-тәйлап.
Араздасып қалса қыздар мектепте,
«Асыранды!» деп қоятын шеттеп те.
Ата-анаға байқатпастан жылайтын
Жатып алып оңашада етбеттеп.
Сондай кезде өзіңді алып есіне,
Өлеңімен сыр айтатын шешіле:
«Беріп кете салар болсаң басқаға,
Тудың екен мен бейбақты несіне», –
дегенімен, алғанымен сені еске,
Ата-анасы ғажап жандар емес пе!
Соларды аяп, сабыр келіп санаға
Сені қойды айналдырып елеске...
Он жетіге толғанынша өзіңмен,
Көкіректе қатып қалған сезіммен
Кездеспеді, сен де іздеп келмедің
Құлыптап ап жүрегіңді езілген.
Жеңешең де қызғанатын баласын,
Содан ашпай құпияның арасын,
Күйеуіңді жолатпадың оларға
Тырналар деп жүректегі жарасын.
Өміріңнің сүйрететін арбасын,
Ұлың да бар, қызың да бар болғасын,
Іздемедің, жатқа туған баланы
Бұзып кеткен тағдырыңның арнасын.
Дұрыс болған шығар аулақ жүргенің,
Дұрыс болған шығар алысы іргенің.
Сол перзентің бақытты етті бауырды
Дүниенің толтырды да бір кемін.
Бақилыққа аттанарда жан ағаң,
Сені күтіп, жолыңа ұзақ қараған
Келгеніңде табыстады өзіңе
«Мен үшін сен бездің осы баладан,
Мен үшін сен төркініңнен алыстап,
Жырақ кеттің, көңілімнен ғарышқа
Базар еткен өмірімді балаңды
Өлерімде кетсем деп ем табыстап», –
дегенде ағаң, езіліп ет-жүрегің,
«Перзентімнің қиған едім біреуін,
Бұл балаға еш талас жоқ, жан аға,
Екі дүниеде Сіздікі деп жүремін!», –
дедің-дағы құшағына құладың,
Қимастықтан ағыл-тегіл жыладың.
Жиналғандар тұрды қарап егіліп,
Көкіректен тамаққа кеп бір ағын.
Қайран бауыр!
Шықты үзіліп қаған дем.
Сен осылай қоштасып ең ағаңмен,
Бақытына бола әке-шешемнің
Мені қиған риза болдым саған мен.
Ауырудан қажыған да, жеңілген
Жеңешең де өтерінде өмірден,
«Жалғызымды тапсырамын өзіңе,
Қабыл алғын, шыным деді көңілден».
Қимастықтан жүректері езіле,
Мені қайта тапсырғанды өзіңе.
Маған енді әпкем емес, солардың
Өздеріндей көрінесің көзіме.
Бауырыңдағы балалардың ішіне
Сия алмаймын, бөтен орта – түсінем.
Тіпті сенің сезімің де мен үшін,
Қарызға алған зат сияқты кісіден.
Сондықтан да өзім болып өзіммен,
Сенің жақын тартқаныңнан безінем.
Өкпелеме, өзегіңе теппеспін
Табылармын нағыз қажет кезіңде.
Сағынғанда әкем менен шешемді,
Саған барам, сенен алам есемді.
Ана болып, Әпке болып сырласып
Жүрмеп едік, болайықшы Дос енді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу