Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  103


Автор: Сәуле Досжанова

Махаббаттың құдіретіне бас ұрып...

Махаббаттың құдіретіне бас ұрып,
Сезіміңді жан біткеннен жасырып.
Жылдар бойы армандаумен жүрдің-ау,
Жырларыңды жеткізуге асығып.
Жүрегіңе салып алған құрығын.
Телефонның бағып әрбір шырылын,
Сағыныштан теледидар алдында,
Көру үшін отырдың ба, шыбыным.
Байланыс жоқ,
Жан-дүниең езілді.
Ұйқы қашты, содан қинап өзіңді,
Төсегіңе қисайдың да түсіңде,
Мені көру үшін ғана көз ілдің.
Мені көрдің,
бәлкім жаным, көрмедің,
Тек алыстан сағыныштан шөлдедің.
Бозбаладай сонша армандап терледің,
Ырғағымен отырғандай терменің.
Бар сырыңды жүрегіңе жерледің,
Ғайбат сөзге ермелердей ермедің.
Бір қалада тұрып келе жатқанбыз,
Қалай мені отыз жылдай көрмедің?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу