Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  211


Автор: Сәуле Досжанова

Аяулым менің, асылым менің, сүйкімдім...

Аяулым менің, асылым менің, сүйкімдім,
Білсең ғой шіркін қашқанын неге ұйқымның.
Көзімді ілсем елесің болып еркелеп
Оятып қайта алады сендік сиқырлы үн.
Білсең ғой шіркін, есінен танып ғашық боп,
Жатқан шайырды шабыты тулап тасып кеп.
Ұмтылған сайын алыстап кетіп барасың,
Арамыз кетті неліктен мұнша қашық боп.
Біздерді бөлді қара жолдар менен шақырым,
Іздеумен сені келемін жүріп ақырын.
Шамалап білем, ал жетіп саған баруға
Жетпейді неге, жетпейді неге батылым.
Батылым бармай отыз жыл солай өткенмен,
Оралам саған, оралам саған көктеммен.
Қап-қара түнде жыр болып қайта туамын,
Қалдырмай ізін, қайырылмай артқа кеткенмен.
Қыратта гүл боп, көкпеңбек қыр боп көктеймін,
Алыс жолдарға керуен боп түбі беттеймін.
Ең болмағанда бәйшешек болып көрінем,
Қар болып еріп кетпеймін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу