Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  95


Автор: Сәуле Досжанова

ЖІГІТ МҰҢЫ

Жалқы ғұмырым!
Соны да саған арнадым,
Елесіңді іздеп өзімді-өзім алдадым.
Алғаш көргеннен, өле-өлгенше бар шындық,
Жүрегімдегі Музам боп жалғыз қалғаның.
Жетім ботадай,
Оңаша қанша боздадым,
Есіме алып, қай-қайдағыны қозғадым.
«Басқаның бағын жандырып жүр!», – деп аһ ұрып,
Қызғаныш буып, жанып та кете жаздадым.
Кім едің сонша?!
Ұмыта алмастай осынша,
Тағдырды мендік біржола өртеп жасынша.
Азабым менің, атыңды атап шақырар,
Тұлабойымда ең соңғы тірі жасуша!
Кім едің сонша?!
Кім туды сені сорыма,
Құдай да құлақ салмады-ау менің зарыма.
Дүние, дәулет, даңқ пенен дақпырт жабылып,
Айналдыра алмады-ау сені жарыма.
Жек көрем сені!
Өзімді тіпті жек көрем!
Сезімдерді де сағынышы бір кеппеген.
Ғашық болмасын жастарға айтар ақылым,
Күйігі өлтірер сүйгенге қолы жетпеген.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу