Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  90


Автор: Сәуле Досжанова

Қоштаса алмадық, тілдесе алмадық соңғы рет...

Қоштаса алмадық, тілдесе алмадық соңғы рет,
Қимай қарасып бір-бірімізге елжіреп.
Екеуміз бөлек жүргенде бітті сен үшін,
Жаратқан Алла уақыты берген белгілеп.
Бақұлдаспадық, жүрекке болды сол арман,
Жыр болып жылап, төгіліп жатыр қаламнан.
Күн де тұтылмай, жер де сілкінбей, дүние-ай,
Адасып қалдым, көз жазып қалдым қараңнан.
Жаманат хабар найзағай болды күздегі,
Атынан құлап, достарың жылап іздеді.
Атыңды сенің аспанға жазып кеткендей,
Туған жерінен қайтқан құстардың тізбегі.
Қара жамылып, қайғыдан жаттым езіліп,
Дара зарығып, күллі қызықтан безініп.
Жырымды оқып, сырымды айтып отырмын,
«Жесірлік» деген жалғызбастыға кезігіп..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу