Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  70


Автор: Сәуле Досжанова

Бүгін біздің некелескен күніміз...

Бүгін біздің некелескен күніміз,
Қабыл алып бірімізді-біріміз,
Арманымыз бір арнаға тоғысып,
Бір жүректен естілді де үніміз,
Осы күннен тағдырымыз қосылды,
Тіршіліктің даңғылымен жосылды.
Шаттық пенен қуанышты асырды,
Өкініш пен күйінішті жасырды.
Жақсы-жайсаң адамдармен дос етті,
Ал, біреулер боратқанмен өсекті.
Екі жаққа бөліп тастай алмады,
Сен екеуміз бас қосатын төсекті.
Көп қиындық көргенде де жасымай,
Алла бақыт бергенде де тасымай.
Бір адамға айналғанда, бір сәтте,
Айырылысамыз деген бе едік осылай?!
Шаңыраққа түсті ажал шақпағы,
Қыркүйектің таңы саған атпады.
Ширек ғасыр алақанда аялап,
Мені сүйген ғазиз жүрек тоқтады.
Отбасыма орнатып кеп түнекті,
Содан бері төрт ай, он бес күн өтті.
Жырыммен де жұбата алар емеспін,
Сені сүйген гүлден нәзік жүректі.
Бүгінгі күн некелескен күн еді,
Қан жылайды сыңар аққу жүрегі...
Асыл бейнең гүл әкеліп тұрмайды,
Маң-маң басып тек түсіме кіреді...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу