Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  73


Автор: Сәуле Досжанова

ЖЫРЫММЕН ЖЕҢДІМ

Қан тасып, ойда-жоқта алып ұрды.
Басыңнан сірә, тамыр жарылды...
Тіл күрмеліп, көздерің жаутаң қағып,
Дүние бір-ақ сәтте тарылды.
Құрсауында қалғандай алып күштің,
Көргенде жағдайыңды талып түстім.
Алтайдың арқарындай азаматым,
Шошытты айдан түскен ғаріп мүскін.
Қос жүрек күні бойы алып-ұшып,
Жұмыстан оралғанша сағынысып
Жүруші-ек көз тиді ме, тіл тиді ме?
Кетердей болды сол бір бағым ұшып.
Ғасырдың ширегінен барады асып,
Тағдырдың жазуымен жағаласып,
Кезінде Алматыны таң қалдырып,
Болып ең қара қызға дара ғашық.
Тыңдамай көсемін де, шешенін де
Ескермей, есіп айтқан өсегін де.
Екеуміз қосылғанда дос қуанып,
Дұшпандар жата алмаған төсегінде.
Дәл содан көрінді ме жолың анық,
Сеніммен ақ қағазды қолыңа алып,
Жазудың майданына еніп кеттің,
Қаламды қара терге малып алып.
«Таразы», «Мұхтар жолы», «Құм кітабы»,
«Алыптың азабы» мен туды тағы,
«Абайдың айнасы» боп «Алаң» болып,
Айналып әңгімеге бір бұтағы.
Әлемнің сан тіліне аударылып,
Шақырып әр сәт сайын алдағы үміт.
Әдемі тірлік етіп, перзент сүйіп
Жүргенде кетті ауру жарға жығып.
Сірә, да осы пәле тілден болды,
Кеспекке екеуміз бір жүрген жолды.
Көзінің сұғын қадап, қызғаныштан
Соңыңнан талай сыншы үрген болды.
Солардың сөзі менен көзі тиіп,
Бойдағы қуатыңның безі күйіп.
Сияқты ойда-жоқта түстің сұлап,
Оқ тиген Сарарқада сұр жезкиік.
Есімді жидым-дағы, қайратымды
Шақырып, көрсеттім кеп айбатымды.
Алыстым аурумен саған келген
Ұзамай ошағы оның жайратылды.
Сезімім болып сенің сая бағың,
Анаңдай қамқорлықпен аяладым.
Тіледім тілеуіңді, жер бетінде
Бар еді сүйенердей қай адамым.
Құлатпай менің өмір-тірегімді,
Жаратқан берді-дағы тілеуімді
Жарылған тамырларды қайта жалғап,
Таптырды дәрігерге бір еміңді.
Сонымен шамшырағың қайта жанды,
Жанымның әнші бағы айтады әнді.
Жырыммен осылайша жеңіп шығам,
Шаттығын шаңырағымның шайқағанды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу