Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  82


Автор: Сәуле Досжанова

ДАҒДАРЫСТАҒЫ ТІЛЕК

Тіршіліктің үзілмесін тізбегі,
Қайран көңіл әлденені іздеді.
Арман көп-ті қияқтай боп қылтиған,
Жапыраққа ұқсап қалды күздегі.
Мақсаттар бар-ды армандаған әр адам,
Болашақ бар-ды кірпіштей жаңа қалаған.
Бәрі де қалды,
жігерлер жатты құм болып,
Дағдарыс келіп ала түскенде жағадан.
Бәрін де таптап,
бәрін де жаншып, өңмеңдеп,
Қымбатшылық соңынан жетті мен-мендеп.
Баға да ұшты, байламы болмай теңгенің,
Үкімет қанша тұрғаныменен көгендеп.
Дағдарып қалдық,
себебін таппай сенделіп,
Көңіл дөненге көп сұрақтарды өңгеріп.
Азаттық алып,
ғаламдық біраз тірлікті,
Келе жатыр-ек тәп-тәуір ғана меңгеріп.
Жайына қалды,
жобалар жаңа басталған.
Жайына қалды,
армандар құлап асқардан.
Қайраны болмай ағалар тұрды жағада,
Бір үмітпенен жаутаңдай қарап жастарға.
Дағдарыс келді,
қанатын жайып жаһанға,
Арман біткенді айналдырды да топанға.
Айдаһардайын аямай жұтты әлсізді,
Жатып алды да көзге көрінбес апанда.
Қыпшақтан қалған,
қаһарман елдің ұрпағы,
Азаттығының ұранын жаңа шырқады.
Айдаһарлардың аузынан сол бір сақта Алла,
Қиындықтарда жар болып өзің жүр тағы.
Мақсат бере гөр ертеңгі күнге жеткізер,
Жақсы ат бере гөр,
қиын асудан өткізер.
Жолдарын кеспе ұландарымның әйтеуір,
Арманға қарай ақ сапарларға жеткізер.
Қиыншылықтың барлығын мына көз көрген,
Кез келген сайын сөз берген, сосын өзгерген.
Аман да есен өткен қазақпыз біз деген,
Мойыма елім,
бұдан да қиын кез келген.
Талаптарына қанат бере гөр талмайтын.
Армандарына қанат бере гөр самғайтын.
Сақтай гөр Аллам қазақтың елін кеңпейіл,
Дағдарыстар менен арпалыстардан жалмайтын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу