Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  90


Автор: Сәуле Досжанова

МАХАББАТЫ ҚҰСТАРДЫҢ

Тырналар келді,
тамсанып көкке қараймын,
Түйіліп тұрып, тарыдай қайта тарайды.
Жиылып тұрып мәслихат құрған жандарша,
Қиылып тұрып туған жеріне қарайды.
Сағынып жетті,
сабылып жетті алыстан.
Шағылып жетті сәулемен түскен ғарыштан.
Үшбұрышталып ауылды жатыр айналып,
Балаларға ұқсап сонау бір көкте жарысқан.
Амандасқандай,
қанатын жиі қағады.
Хабарласқандай тыраулап сәлем салады.
Аспанда билеп, салтанат құрған құстарды,
Сәулесіне орап алады Күннің табағы.
Тырналар келді,
тырналар келді тізіліп,
Туған жерді аңсап,
жан жүректері үзіліп.
Ауылымды еске-ап мен-дағы көкке қараймын,
Құс екеш құстың махаббатына қызығып.
Тырналар сынды,
өлеңімді оқып көгінде,
Туған жеріме жетпедім неге егіле.
Телміріп ұзақ,
құстарға келген қараймын,
Төменде тұрып қабырғаларым сөгіле...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу