Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  108


Автор: Сәуле Досжанова

АҚТАМДЫ САҒЫНҒАНДА...

Алатаудың құшақтап ап бауырын,
Жатыр ма екен менің туған ауылым.
Отыр ма екен қариялар бас қосып,
Әңгіме қып, қырдың қызын, тау ұлын.
Қырларында қызғалдағы құлпырып,
Бұлақтары жатыр ма ағып бұлқынып.
«Қатар терек» әлі тұр ма тізіліп,
Бізден қыдырған бақтарында сыр тұнып.
«Көлбастау» мен «Арасанды» қыстаған,
Тұлпар мініп,
асауларды ұстаған,
Жылқышы ағам отыр ма екен ойланып,
Ат суарып Іледегі тоспадан.
«Қыр далада» егінге орақ түсті ме,
«Құдықтағы» жүгерілер пісті ме,
Әжелерім отыр ма екен қақ жайып,
Сары өріктен тақтайлардың үстіне.
Асыл Ақтам – алыстағы тірегім,
Қайда болсын ойлаймын да жүремін.
Солтүстіктен құстай ұшып келемін,
Табу үшін сағыныштың бір емін.
Ару Ақтам, көңілдегі тірегім,
Бала кезді есіме алсам, күлемін.
Таба алмадым сағыныштың бір емін,
Сен деп соғар менің ғазиз жүрегім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу