Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  89


Автор: Бауыржан Үсенов

МАҚТА МЕН БАЛА

Жоспар керек,
Жоспар үшін жан пида,
Жүгермек-ау, қарақшыдай қалқима.
Өңеш керіп ұран салған пысыққа,
Қайран халық аузын ашып аңқиды, ә.
Қара бала,
Сары бала,
Ақ бала.
Торғай құсап жабылады мақтаға.
Жоспар орындалса болды,
Баланың,
Сабағында сапа жоқ деп даттама.
Оқытатын мұғалімі қасында,
Ұйықтайды олар атыздардың басында.
Ескерілсе балалардың еңбегі,
Жыр болады жылың түгіл ғасырға.
Ал, дәлелде
Жыла, мейлі, күл мейлі,
Бесжылдыққа үлес қосып жүр дейді.
Мақта бітпей бармайды олар мектепке,
Мақта бітпей ойнамайды, күлмейді.
«Сонша мақта неге керек елге осы»,–
Деген сөзді ауызға ала көрмеші,
Мақта деген атақ, даңқ,
hәм ақша,
Күңкілдеме, керек емес өңгесі.
Бұл не сонда, қанау ма, әлде басқа ма?
Жазалы ма қолы күс-күс жас бала.
Балаларға құрмет бөлек елде де,
Мұндай жағдай болады екен масқара.
Айқай шыққан «жоспар және көлем» деп,
Кез туралы жазылмаған өлең көп.
Рашидовқа «жұлдыз» болған сол еңбек,
Асқаровқа «мансап» болған сол еңбек.
Мақталыққа мектебінен ертіп кеп,
Шаруаға шекесінен шептіп жек.
Жемқор аз ба, Оңтүстікте байыған,
Балалардың Еңбегінен кертіп жеп.
Үш ай мектеп көрмейтұғын балада,
Берекелі білім деген бола ма?
Таңнан тұрып мақта терсе дірдектеп,
Түнеп шығып аңғал-саңғал қораға.
Жазғаным жоқ танылсын деп есімім,
Аурудың ашып айтса несі мін.
О, көзіңе құм құйылғыр Тоқырау,
Балаға да тиді-ау сенің кесірің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу